Макмастер университеті жүргізген зерттеу алты өнімге бай диета жүрек жұмысын жақсартып, жүрек-қан тамыр ауруларының туындау қаупін төмендететінін анықтады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2019 жылы 18 миллион адамның өліміне жүрек-қан тамыр аурулары себеп болған. Бұл – әлемдегі өлім жағдайының 32%-ы. Оның 85%-і жүрек ұстамасы мен инсульт салдарынан болған.
Мұндай дертке әкелетін негізгі себептер – шылым шегу, ішімдік, дұрыс тамақтанбау, холестерин мөлшерінің көп болуы, артық салмақ пен физикалық белсенділіктің аздығы. Зерттеушілер әлемнің 80 елінен 245 000 адамды зерттеді. Рационында жеміс-жижек, көкөніс, бұршақ өнімдері, жаңғақ, балық пен қаймағы алынбаған сүт көп адамдарда жүрек-қан тамыр аурулары туындау және өлім қаупі бұл өнімдерге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеген адамдарға қарағанда төмен екені анықталды.
Зерттеу авторлары PURE жаһандық зерттеу нәтижелерін талдады. Бұл зерттеудің басқалардан айырмашылығы – табысы жоғары, орташа және төмен елдердің нәтижелері қосылды. Талдауда мынадай факторлар ескерілді: жасы, жынысы, белдің мықынға қатынасы, білім деңгейі, табысы, қала немесе ауылды жерде тұратыны, физикалық белсенділігі, темекі шегу-шекпеуі, диабет, статиндер немесе жоғары артериялық қысымға қарсы ішетін дәрілер.
9 жыл ішінде 15 707 өлім мен 40 764 жүрек-қан тамыр ауруы тіркелді. Дұрыс тамақтанған адамдар арасында өлім қаупі 30%-ға, ЖҚА туындау қаупі 18%-ке, миокард инфарктісі – 14%, инсульт 19%-ға азайғаны анықталды. Осылайша, ғалымдар тамақтану рационына күніне 2-3 порция жеміс, 2-3 порция көгөніс, аптасына 3-4 порция бұршақ өнімдері, 7 порция жаңғақ, 2-3 порция балық және 14 порция қаймағы алынбаған сүт өнімдерін қосуды ұсынады.