Ғалым мінбері

Ғылым қоры — ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру экожүйесін дамытуға үлкен үлес қосуда

Ғылым — қоғамның рухани мәдениетінің қурамдас бөлігі болып табылады. Адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Себебі, қоғамдағы сан-салалы мәселелер көп жағдайда ғылымның араласуымен шешіледі. Ал, біздің елде ғылымның қарымы қанда? Жалпы, ғылыми жобалар жеткілікті деңгейде бағаланып, оларға «Ғылым қоры»АҚ қаншалықт қолдау көрсетіп келеді? ОСы сындың мың сауалдың жауабын білу үшін «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының кеңесшісі, техника ғылымдарының кандидаты  Ләзат Мылтықбаевамен тілдескен едік.

— Ләзат Аманбекқызы, Ғылым қоры қашан құрылды, оның рөлі қандай?

«Ғылым қоры» акционерлік қоғамы 2006 жылы қараша айында Үкімет қаулысымен құрылды. Қаулыда Қоғам қызметiнiң негiзгi мәнi елдегi ғылыми зерттеулердiң практикалық iске асырылуын қамтамасыз ететiн басымды, бастамашылық, тәуекелдi зерттеулердiң және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстардың дамуына жәрдемдесу болып айқындалсын деп жазылған.
2016 жылдан бастап Ғылым қоры ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруды жүзеге асырып келе жатыр.

—  Қазақстанда ғылымды дамытудың негізгі бағыты бар ма?

Қазақстанда басым ғылыми бағыттар Үкімет жанынан құрылған Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен бекітіледі.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер келесі 10 басымдық бойынша жүргізіледі:
Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану және экология;
Геология, минералды және көмірсутекті, шикізатты өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар;
Энергетика және машина жасау;
Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар;
Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер;
Өмір және денсаулық туралы ғылым;
Білім және ғылым саласындағы зерттеулер;
Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер;
Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауылшаруашылық өнімдерінің қауіпсіздігі;
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс.

— Қор тарапынан қандай ғылыми жобалар қаржыландырылады?

Ғылыми жобаларды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырады. Жоғарыда айтылғандай Қор тек ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландырады. Демек, біз ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикалық тұрғыда қолдана отырып, табыс табуға бағытталған жаңа немесе жетілдірілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығаруға бағытталған жобалармен жұмыс істейміз.

— Бүгінгі күнге дейін қанша жоба Қор арқылы қаржыландырылды?

Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң Қазақстанда алғаш рет 2015 жылдың 31 қазанында қабылданған болатын. Осы Заңның аясында коммерцияландыру жобаларын қаржыландыруға іріктеп алу бойынша конкурстар 2016, 2017, 2018 жылдары өткізіліп, 152 жобаға қолдау көрсетілді. Жобаларды іске асыру мерзімі 3 жылдан аспау керек.
2019-2021 жылдары қаржы бөлінбегендіктен конкурс өткізілген жоқ.
2022 жылы конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған 66 жобаны қаржыландыру басталды.
Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру жобаларына грант беру үшін жыл сайын конкурс өткізу жоспарланып, бұл мақсатқа бөлінетін қаржыны бірнеше есе көбейту қарастырылған.
Сонымен биылғы жылы 1 маусымда 2023-2025 жылдары іске асырылытын жобаларға конкурс жарияланды, қазіргі кезде конкурстың нәтижесін күтудеміз.

— Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру несімен тиімді, елге пайдасы қандай?

Еліміздің экономикасын инновациялық дамыту үшін ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың маңызы өте зор. Ғылыми жобалардың нәтижесі сөрелерді қағаз күйінде жатып қалмай өндіріске енгізіледі, немесе жаңа өндіріс орындары құрылады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Елімізде өндірілетін тауар түрлері көбейіп, шетелден келетін тауарлардың орнын отандық өнім басады. Ғалымдарымыз ғылыми жұмыстарын кәдеге асырып, қосымша табыс таба алады.
Жоғарыда аталған жобалардың іске асырылуы нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 140-тан аса өндіріс орындары құрылып, 1700-ден аса адам жұмыспен қамтылды. Тауар және қызметті өткізуден түетін кіріс 30 млрд теңгеге жуықтады, оның ішінде экспортталған өнім/қызмет – 523,3 млн теңге. Салық төлемдері түрінде бюджетке 6,9 млрд.теңгеден астам төленді Бірлескен жеке қаржыландыру шамамен 8,3 млрд теңгені, роялти (ғалымдардың авторлық құқығына берілетін төлемақы) – 425,5 млн теңгені құрады.

— Егер коммерцияландыруға гранттар берілетін болса, оны кімдер қалай тағайындайды?

Коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру бойынша Конкурстық құжаттаманы Ғылым қоры әзірлеп, Ғылым комитетінің мақұлдауынан кейін бекітіп, конкурс жариялайды. Грант алу үшін өтінім беру Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының (әрі қарай — Сараптама орталығы) автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі, өтінім электронды түрде беріледі. Өтінімдердің конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексергеннен кейін Сараптама орталығы өтінімдерді технологиялық және экономикалық сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларға жібереді. Конкурс жеңімпаздарын Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағыты бойынша құрылған Ұлттық ғылыми кеңес анықтайды. Қазіргі кезде бұл кеңестің құрамында 25 адам бар, олардың оншақтысы қазақстандық және шетелдік ғалымдар болса, басқалары инвесторлар, бизнес және венчурлық компаниялардың өкілдері болып табылады.

— Бүгінгі күні қандай ғылыми жобалар аса маңызға ие, атап өтсеңіз?

Коммерцияландыру жобалары үшін ең бастысы экономикалық тиімділік.
Ал тақырып бойынша қарастырсақ, нақты бір саланы атап айту қиын. Қазіргі таңда биоқауіпсіздік, азық түлік қауіпсіздігі, жасыл энергетика, терең өңдеу өндірісі сияқты бағыттардың бәрі маңызды. Әрине Индустрия 4.0 технологиялары: жасанды интеллект, биотехнология, роботтандыру жобалары өте маңызды.
Ғылым қоры қаржыландырып отырған жобалар салалардың кең ауқымын қамтиды. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, өңдеу секторлары т.б.

 

— Қаржыландыру дедік, ғылымды мемлекет қаржыландырып жатады, ал өнеркәсіп саласынан тапсырыстар түсіп, материалдық көмек көрсетеді ме?

Ия, ғылымды мемлекеттік қаржыландыру жыл санап өсіп келеді. Сонымен қатар бұл салаға бизнесті тарту бойынша жұмыстаратқарылуда. Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жеке қаржыландырудың (орысша частное финансирование) үлесін 2029 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Жасыратыны жоқ бизнес өкілдері қазақстандық ғылымның нәтижесіне сенімсіздік танытады, салған ақшаларын кері қайтара алатынына күмандады. Сондықтан олардың сенімін бірте бірте арттыру үшін мемлекет тәуекелін бөлісу арқылы көмектесіп отыр.
Біздің алғашқы конкурстарда жобалар 100% республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Жеке тараптардан (бизнес, инвесторлар) қоса қаржыландыруды тарту конкурстан жобаның жеңуі үшін артықшылығы ретінде қарастырылды. Кейінгі конкурстарда қоса қаржыландыру міндетті шарт болып, грант сомасынан үлесі алдымен 10%, былтырғы жылы 20% болса, биыл 30% дейін көтерілді.
Ғылым қоры ғылым мен бизнесті ұштастыру үшін әртүрлі шаралар жүргізіп жатыр. Мысалы, Ғылым қоры жанынан Бизнес-серіктестер клубы құрылды. Оның құрамында қазір 180 адам тіркелген, соның ішінде 50 инвестор, 3 бизнес-періште, 3 инвестициялық компаниялардың, 21 салалық бірлестіктердің, 8 сервистік компаниялардың өкілдері бар. Сонымен қатар клубтың 32 мүшесі материалдық-техникалық базаларын ұсынуға, 28 адам менторлық көмек көрсетуге ынталы.
Клуб мүшелері өз өндірістерінде ғылымды қажет ететін мәселе туралы өтінімдерін жіберіп отырады, ол өтінімдерді біз ғалымдарға ұсынып, мәселені шешуге әлеуетті екенін көрсеткен ғалымды немесе ғылыми ұйымды бизнес өкілдерімен байланыстырамыз.

— Барлығы қаржыға келіп тіреледі, жобаны қолдау үшін қор тарапынан инвесторларды тарту жұмысы қалай жүргізіледі?

Ғылым қорының құрамындағы Инвестиция және жаңа жобалар департаменті тұрақты түрде жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың жобаларын қарастыру үшін Онлайн-питч өткізіп, коммерциялық әлеуеті бар жобаларды іріктеп, оларды бизнес өкілдерінің немесе инвесторлардың алдына шығару үшін бизнес-жаттықтырушыларды тарта отырып дайындауғакөмектеседі. Атап айтқанда жобаның бизнес-сұлбасы, қысқаша презентация, 3 минуттық таныстырылым жасалынып, ғылыми жоба бизнес өкілдері мен инвесторларға түсінікті тілге көшіріледі.
Одан кейін Коммерцияландыру реакторы деген шара өткізіледі. Бұл шараға инвесторлар мен бизнес өкілдері шақырылады. Олардың алдында ғалымдар өздерінің дайындалған жобаларын таныстырады. Нақты жобаға қызығушылық танытқан инвесторлар ары қарай ғалымдармен өздері байланысып, қандай жолмен ынтымақтастық орнатынын өздері шешеді.
Былтырғы жылы Ғылым қоры 4 Коммерцияландыру реакторы өткізсе, биыл бірінші жартыжылдықта 3 реактор өткізді.
Бұл шараларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ғылым комитетінің басшылары да қолдау көрсетіп отырады. Мысалы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткізілген Реакторды Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек өзі ашып берген болса, Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында ұйымдастырылған Реакторды Ғылым және жоғары білім вице-министрі К.Ақатов ашты, әрине Ғылым комитетінің төрағасы Д.Ахмет-Зәки де Реакторларға қатысып, кіріспе сөз сөйлеп қолдап отырады.

— Ғылыми жобаларға мойын бұрып қарайтын инвесторлар бар ма?

Ғылыми жобаларға инвесторлар ақша салып жатыр деп айта алмаймын. Мүмкін ондай инвесторлар бар да шығар, бірақ менде ондай мәлімет жоқ.
Ал ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыруға инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.
Олар Коммерцияландыру реакторларында өздеріне ұнаған жобалармен ары қарай жете танысып, не өздері тікелей ақша салу үшін жоба авторларымен келіс сөздер жүргізеді. Немесе тәукелділігі жоғары деп ойлаған жағдайда ғылыми ұйымдар біздің конкурстарға қатысқан кезде олармен мәміле жасап қоса қаржыландыруға қатысады.
Коммерцияландыру реакторларының нәтижесінде ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің ортасында 31 мәміле жасалып, 58 жоба конкурсқа қатысты, тартылған инвестицияның көлемі 2 млрд теңгеден асты.

— Ғылым қоры ғылым саласын қаншалықты қорғауда?

2022 жылдың сәуір айында Ғылым қорының Басқарма төрағасы болып коммерцияландыру жөнінде білімі де тәжірибесі де мол Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әбділда Шәменов тағайындалды. Ол Ғылым қоры жұмыстарына Технологияны коммерцияландыру алаңдарын ұйымдастыру, жобаларды ілгерілету жолдары сияқты біраз жаңашылдық енгізді. Коммерцияландыру реакторлары тұрақты түрде жүргізіле бастады. Соның бірін өзі проактивті көзқарас деп атайды. Оның мәні біз конкурсты жарияламай тұрып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға ғалымдардың да, бизнес өкілдерінің де қызығушылығын арттыру, ғалымдарға қоса қаржыландыратын жеке серіктестерді табуға көмектесу, конкурсқа сапалы жобалардың келуіне алдын ала ықпал ету.
Ғылым саласын қорғаудың бір тетігі ғылымға мемлекеттің салған ақшасының болашақта қайтарылатынына көз жеткізу деп ойлаймын. Коммерцияландыру жобалары соған дәлел. Және де ғылымды дамытуға ғалымдардың табысын молайту, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру әсер етеді. Бұл жерде мен ғалымдардың жалақысы туралы айтып отырған жоқпын. Ғалымдарға өз еңбектерін бизнеске сатуды, әзірлеген технологияларының негізінде құрылған өндірістердің тауар сатылымдарынан пайда көруді үйрету жөніндегі жұмыстарды айтамын. Ғылым қоры бұл бағытта танымал мамандарды шақырып, ғалымдарға арналған семинарлар жүргізіп отырады. Оның ішінде зияткерлік меншікті қорғау, технологияны лицензиялау немесе зияткерлік меншік бойынша дауды шешу сияқты тақырыптарға оқыту семинарларын өткізді.
Жалпы, Ғылым қоры бизнес пен ғылымның ұштасуына мұрындық болып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру экожүйесін дамытуға үлкен үлес  қосып отыр.

 

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру