ӘлемГалактикаҒалым мінберіҒылым тарихыҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарЖерЖүзден жүйрік...Мүмкіндік

Егер астероид динозаврларды жоймағанда…

66 миллион жыл бұрын Жерге ені 15 шақырымдық алып астероид құлап, планетадағы тіршіліктің 75%-ын жойды. Бұл оқиға Мексика аумағында орын алып, жойқын цунамилер мен орман өрттерін тудырды, атмосфераға таралған шаң күн сәулесін жауып, климаттық апатқа әкелді. Осылайша, динозаврлар дәуірі аяқталды. Бірақ егер астероид Жерге соқтықпағанда, не болар еді? Динозаврлар тіршілігін жалғастырып, дамуын өрістете алар ма еді?

Палеонтологтардың пікірінше, егер бұл апат болмағанда, динозаврлар эволюциясын жалғастырып, экожүйедегі үстемдігін сақтап қалар еді. Эдинбург университетінің профессоры, палеонтолог Стив Брусаттенің айтуынша, олар миллиондаған жылдар бойы теңіз деңгейінің өзгеруі, климаттың құбылуы мен жанартау атқылаулары сияқты табиғи апаттарға бейімделіп келді.

«Біз соңғы динозаврлардың қазбаларын зерттегенде, олардың түрлері әлі де сан алуан әрі кең таралғанын көреміз. Динозаврлар сол кезеңде экожүйенің басында тұрды, яғни олар табиғи эволюция барысында жойылып кетпес еді», – дейді Брусатте Live Science басылымына берген сұхбатында.


Мұз дәуірінде өмір сүре алар ма еді?

Динозаврлар суық климатқа төтеп бере алар ма еді? Олардың көпшілігі жылы аймақтарда өмір сүргенімен, кейбір түрлері суыққа бейімделе алған.

«Көптеген динозаврлардың қауырсындары болған, бұл олардың денесін суықтан қорғауға көмектескен. Сонымен қатар кейбір түрлер, мысалы Tyrannosaurus rex, жылы қанды болған деген болжам бар. Бұл олардың климат өзгерісіне бейімделу мүмкіндігін арттырады», – дейді Брусатте.

Сонымен қатар уақыт өте келе олар суық климатқа бейімделудің жаңа тәсілдерін дамытқан болар еді. Мысалы, мамонттар шамамен 5 миллион жыл бұрын Африкада пайда болып, 800 мың жыл бұрын Солтүстік Еуразияның қатаң климатында тіршілік етуге бейімделді.

Динозаврлар ақылды тіршілік иелеріне айнала ала ма?

1982 жылы америкалық-канадалық палеонтолог Дейл Рассел динозаврлар эволюциясын жалғастырғанда, ақылды тіршілік иелеріне айналуы мүмкін деген гипотезаны ұсынды. Оның зерттеуі бойынша, Troodontidae тұқымдасына жататын динозаврлар үлкен миға, стереоскопиялық көру қабілетіне және икемді саусақтарға ие болған. Егер эволюция жалғасса, олар адамзатқа ұқсас интеллект дамыта алар еді. Алайда бұл теорияны көп палеонтологтар сынға алды. 2023 жылғы зерттеу нәтижелері динозаврлардың ешқайсысы приматтарға ұқсас бағытта эволюциялана алмайтынын көрсетті.

«Қазіргі құстар – тірі динозаврлар – өте ақылды. Олардың миында сүтқоректілерден де көп нейрондар бар. Бірақ олардың адам деңгейіндегі интеллектке жету мүмкіндігі бар ма, белгісіз», – дейді Брусатте.

Сүтқоректілер мен адамзат эволюциясы қалай өзгерер еді?

Астероид соққысы болмағанда, сүтқоректілердің дамуы мүлде басқа жолмен жүруі мүмкін еді. Брусаттенің пікірінше, егер үлкен динозаврлар тірі қалған жағдайда, кеміргіштерге ұқсас шағын сүтқоректілер эволюцияда алға шыға алмайтын еді.

«Сүтқоректілер миллиондаған жылдар бойы шағын күйінде қалып қояр еді. Бірақ мұз дәуірі келсе, жылы қанды әрі мамық жүнді жануарлар артықшылыққа ие болар еді, бұл, мүмкін, динозаврлардың біртіндеп азаюына әкелер еді», – дейді ол.

Адамзаттың қалыптасуына мүмкіндік болмас еді

«Біз сүтқоректілер басымдыққа ие болған әлемде эволюцияландық. Егер алып динозаврлар әлі де тіршілік еткенде, біздің ата-бабаларымызға даму мүмкіндігі болмас еді», – дейді Чикаго университетінің профессоры, палеонтолог Пол Серено.
2021 жылғы зерттеулер көрсеткендей, жер бетіндегі динозаврлардың жойылуы және бәсекелес сүтқоректілердің азаюы біздің примат-аталарымызға эволюциялық серпін берді. Егер астероид Жерді айналып өткенде, бәлкім адамзаттың қалыптасуына мүмкіндік болмас еді деп қортындылады ғалымдар.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру