Жасөспірімдер демалыс күндері ұйқыны екі сағатқа ұзартса, мазасыздық белгілері айтарлықтай төмендейді, деп хабарлады Орегон университетінің зерттеушілері.
SLEEP 2025 ғылыми конференциясында ұсынылған жаңа зерттеу нәтижесі демалыс күндері жеткілікті, бірақ шамадан тыс емес ұйқының жасөспірімдер психикасына оң әсер ететінін дәлелдеді. Апта бойы ұйқысы шектелген оқушылар демалыста екі сағатқа артық ұйықтаған жағдайда, мазасыздық деңгейі төмендейтіні байқалды.
Зерттеуге Орегон университетінің клиникалық психология кафедрасынан Сочжон Ким жетекшілік еткен. Оның айтуынша, ұйқы айырмашылығының тым үлкен немесе тым аз болуы психологиялық күйге теріс әсер етуі мүмкін.
«Қалыпты ұйқы – жасөспірімдердің психикалық саулығы үшін маңызды. Демалыстағы аздаған «қалпына келу» ұйқысы олар үшін пайдалы», – дейді Ким.
Зерттеуге 13,5 жастағы 1877 жасөспірім қатысып, олардың ұйқы ұзақтығы Fitbit құрылғысы арқылы, ал ішкі күйзеліс белгілері арнайы сауалнама көмегімен өлшенген. Америкалық мамандар 13–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге күніне 8–10 сағат ұйықтауға кеңес береді. Бірақ шынайы өмірде бұл талапқа оқушылардың тек ширегі ғана сәйкес келеді.
Ұйқы – зейін, эмоцияны басқару, есте сақтау мен жалпы психикалық денсаулықтың негізі. Ал оның тапшылығы депрессия мен суицидтік ойларға алып келуі мүмкін.