Жаңалықтар

“АСЫЛ БЕСІК — АҚСУАТ” Ұлттық рух пен бірліктің мерекесі

Жақында қасиетті Барқытбел баурайында “Асыл бесік – Ақсуат” атты ауқымды мәдени-рухани фестиваль ұйымдастырылып, ел ерекше әсермен оралды. Бұл шара – тек бір топ адамның еңбегі емес, бұл – тұтас ауыл тұрғындарының, ел азаматтарының жұмыла көтерген жүгінің жемісі. Осы фестиваль – ауылымыздың берекесін, бірлігін, рухын көрсеткен ерекше оқиға болды.

Фестиваль аясында бірқатар ірі іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, республикалық деңгейде өткен “ASSYL ARLAN” турнирі, қазақтың дәстүрлі ат спорты түрлері — “ASSYL TULPAR” бәйгесі көрермен көзайымына айналды. Бәйге аясында топ бәйге, құнан бәйге, аламан бәйге сияқты ұлттық жарыстар өтті. Бұл тек сайыс емес, елдің тұлпарына деген махаббатын, жүйрігін танытуға деген құрметін көрсетті.

Сонымен қатар, фестивальде ел көңілін тербеген “QAZAQSHA ТЕРАПИЯ” тобының концерті өтті. Кеш барысында екі театрлық қойылым сахналанып, ұлттық болмысты терең танытты. Ал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен гала-концерт – фестивальдің шарықтау шегіне айналды. Бұл кеш ауыл өмірін ерекше жылумен, шабытпен, қуанышпен нұрландырды.

Фестиваль аясында ауыл жұртшылығы үшін ерекше мәні бар шаралардың бірі – Ырғызбай ата кесенесінде құрбан шалынып, ас берілгені болды. Бұл — ұрпақтың ата-бабасына деген құрметінің, рухани сабақтастықтың айғағы. Асқа жиналған жұрт бір-бірімен амандасып, ақ тілек айтып, дұға бағыштады. Мұндай игі амалдар ел бірлігін бекемдеп, руханиятты тереңдете түсері анық.

Бұл шараның негізгі мақсаты – жай ғана көңіл көтеру, той-томалақ жасау емес. Ең бастысы – ауыл халқының рухани байлығын арттыру, мәдени талғамын көтеру, ұлттық сана мен рухты ояту. Жастарға өнеге, үлкенге құрмет, бірлікке себеп болған бұл мереке – ауыл халқының өз болмысына, өз құндылықтарына қайта бір үңілуіне себепкер болды.

“Асыл Бесік – Ақсуат” фестивалі – бабадан қалған бай мұраны насихаттау арқылы бүгінгі мен болашақты жалғаған алтын көпір іспетті. Мұндай игі шаралар ауылымыздың өркендеуіне, мәдени тұрғыда жаңаруына серпін беретіні сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру