Басты ақпаратЖүзден жүйрік...

Өскемендік оқушылар 100 IT жоба әзірледі

Жасөспірімдер өндіріс ошақтарына арналған күрделі механизмдер, климат бақылауы бар ақылды жылыжай, тіпті медициналық гаджеттерді ойлап тапқан. Өскемендік оқушылар өсімдіктерді топырақсыз өсіреді. Олар биология пәнінде гидропоника әдісін енгізген. Бұл – ауқымды жобаның басы ғана. Олар қазір баламалы энергия көздерін пайдаланып, авторлық жобаларын әзірлеген. Ал бұл – күн батареяларынан қуат алатын сканер.

Оның көмегімен шаруа қожалығы немесе тұрғын үйді жарықтандыруға қажет энергия көлемін анықтауға болады. Жоба авторы – 17 жастағы оқушы. Жас ғалымдар адам мүсінінің датчигін ойлап тапты. Бұл жаңалық адам омыртқасының түзу-қисықтығын анықтауға мүмкіндік береді. Ал кез келген өзгеріс туралы ақпарат ұялы телефонға түсіп отырады. Fictute деп аталатын құрылғы шетелдік өнімдерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Әбілмансұр Жүніскенов, жоба әзірлеушісі: — Біздің құрылғының басты мақсаты қазіргі әлемдегі гиподенамияға әкеліп отырған қисық арқаны түзету болып табылады. Осы қисық арқа бұл кез келген жасөспірімде болады және осы жердегі бірнеше адамнан байқалады.  Сондықтан біздің гаджет осы мәселені шешуге бағытталған. Біз тоқ береміз, сосын мобильді қосымшаға кіреміз. Старт дегенді басқан соң градустарды көрсетеді. IT саланы таңдаған балалар ауыл мектептерінде де көп. Тарбағатай ауданынан келген Еркежан Абаева көзі нашар көретін азаматтарға арналған көзілдірік жасады. Ол зағип жандардың жолындағы кедергілер туралы ақпарат береді. Заманауи көзілдірікті жасау үшін  ұялы телефонның  қосымша бөлшектері пайдаланылған.   Еркежан Абаева, оқушы: — Жобаның тақырыбы – «сөйлейтін көзілдірік». Көзі көрмейтін адамдарға арналған осындай сөйлейтін көзілдіріктердің бірі. Бұл жерде көзілдірік арақашықтықты есептейді және бұл жерде «дэф-плеер» датчигі бар, яғни алдында жүріп келе жатқан адамды, сигналды сезеді. Мына жерде флеш-жады. Бұл көзілдірік 2 см-ден 400 см-ге дейінгі арақашықтықты есептей алады. Облыста тың жобаларға 10 млн теңге бөлінеді.  Бұл қаражат болашақ инженерлер мен айти мамандарына қолдау көрсетуге бағытталады.   Инесса Чернышова, облыстық Білім беру басқармасының басшысы: — Аймақта 342 мектеп бар. Олар заманауи құралдармен жабдықталған. Ал мұғалімдеріміздің барлығы біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Жалпы өткен жылы елімізде 50 мың оқушыға шақталған  40 IT мектеп ашылған. Жеткіншектердің ынтасы да жоғары. Дәл осы оқушылар ертең жоғары технологиялы өндіріс ошақтарында еңбек етері сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру