Лондондағы Патша колледжінің зерттеушілері пломба мен имплантқа балама ретінде тірі тісті зертханада өсіру технологиясын жасап шығарды. Бұл жаңалық тістерді қалпына келтірудің табиғи әрі ұзақ мерзімді жолын ұсынуы мүмкін, деп хабарлайды ACS Macro Letters ғылыми журналында.
Ғалымдар жасушалардың табиғи ортада байланыс орнату қабілетін еліктейтін арнайы гидрогель материалын ойлап тапқан. Осы материалдың арқасында бағаналы жасушалар бір-бірімен «сөйлесіп», эмаль, дентин және цемент сияқты тіс құрылымдарын қалыптастыра алады.
«Пломбалар — тісті қалпына келтірудің ең жақсы жолы емес. Олар уақыт өте келе тістің құрылымын әлсіретіп, сезімталдығына әкелуі мүмкін», – дейді зерттеу авторларының бірі, профессор Сюэчэн Чжан.
Оның айтуынша, бұрынғы зерттеу әрекеттері сәтсіз болған, себебі жасушаларға барлық сигнал бірден берілген. Ал жаңа материал сигналдарды баяу, біртіндеп жіберіп, ағзадағы табиғи процесті қайталайды.
«Бұл жолы біз жасушаларға өзара әрекеттесуге мүмкіндік бердік, сонда ғана олар тіс қалыптастыру процесін бастады. Зертханада өсірілген тістер табиғи жолмен жақ сүйекке еніп, шынайы тіс сияқты қызмет етеді», – деп түсіндіреді Чжан.
Зерттеу тобы қазіргі уақытта бұл тістерді адамның ауыз қуысына қалай тиімді енгізуге болатынын зерттеп жатыр.
«Біз тісті толық зертханада өсіріп, кейін пациенттің аузына орнату немесе жас жасушаларды бірден тіс орнына енгізіп, олардың табиғи өсуін күту әдістерін қарастырып отырмыз», – дейді Чжан.
Зерттеу авторларының бірі Ана Ангелова Волпони бұл жаңалықтың тіс емдеу уақытында үлкен серпіліс әкелетінін айтады: «Мұндай әдістердің дамуы тісті қалпына келтіру мен жаңартуда ұзақ мерзімді әрі тиімді шешімдер ұсына алады», – дейді ол.