Аудио ПодкастӘлемБейне бағдарламаларБілімГалактикаҒалым мінберіҒалыммен сұхбатҒылым қорыҒылыми мақалаларЖаңалықтарЖасанды интеллектЖерЖүзден жүйрік...ИнновацияМүмкіндікТехнология

Шолпан Аманкелді: Ғарышқа жол ашқан қазақ қызы!

 

Ғарыш, робототехника және жасанды интеллект салаларында Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген талантты жас – Шолпан Аманкелді. Ол 16 жасында-ақ наноспутник құрастырып, халықаралық деңгейдегі ғылыми байқауларда топ жарып үлгерді. Жас ғалым Шолпанның құрастырған Venus-Sat.Kz наноспутнигі халықаралық деңгейде рекорд орнатып, еліміздің ғарыш саласындағы үлкен жетістіктерінің біріне айналды. Бұл спутник экологиялық мониторинг жүргізуге, климаттық өзгерістерді бақылауға және жасанды жаңбыр технологиясын дамытуға бағытталған. Ол қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында 1-курс студенті ретінде білімін жетілдіріп, жаңа ғылыми жобалармен айналасып жүр.

– Шолпан сіздің ғарыш және робот техникасына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды және оған не түрткі болды?
– Бұл салаға келуіме түрткі болған басты себеп – балалық қызығушылығым. Әлемнің технологиялық өзгерістері, конкуренциялық орта болғанына қызықтым. Тіпті өзімнің есімім мені бұл салаға жетелегендей болды. Кішкентай кезімнен Лего конструкторларын жинауды өте жақсы көретінмін. Осылайша сол қызығушылықтарым мені осы жолға дейін әкелді.

– Наноспутниктің 16 миссияны қамтуы – үлкен жетістік. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда қандай техникалық және ғылыми қиындықтарға тап болдыңыз?
–⁠ Техникалық қиындықтардық болды. Мысалы, Қазақстанда маған қажетті болған сенсор, құрылғыларды таппадым. Сондай-ақ көптеген ғалымдар менің жас жасыма қарап «Саған кем дегенде докторантураны оқып, кейін мұндай жоба жасау қажет. Үлкендердің жұмысына араласпа» деген сөздерді де көп естідім. Ұшыру процессінде де кішкене қиындықтарға тап болдық. Қазақстанда рұқсат ала алмағаннан кейін Ресейдің Подмосковьесінде ұшыруға тура келді. Ол жерде де қазіргі операцияларға байласнысты техникалық ақаулар көп болды.

– Сіздің наноспутнигіңіз экологияны жақсарту мен мониторингте қалай көмектеседі? Оның нақты әсерін қашан көруге болады деп ойлайсыз?
– ⁠Наноспутник ауадағы газдарды зерттейтін құрылғы. Түрлі табиғи апаттар болған жағдайда сол мекен жайлы бірден ақпарат береді. Бұл алдын ала қолға алу шараларын, өрттен қауіпсіздік, су тасқыны т.б бағыттарда жақсы әсер береді.

– Бұл жобаны іске қосу үшін халықаралық серіктестіктер немесе қолдаулар керек болды ма?
–⁠ Мен осы жобамды ұшырмас алдын АҚШ-тағы Хьюстонда орналасқан NASA штабына барып сол жердегі мамандармен ақылдастым. Сонымен қатар көптеген халықаралық жарыстарға қатысу маған бағыт-бағдар беріп отырды.

– INNOPA-2022 байқауында жеңіске жеткенде қандай сезімде болдыңыз? Бұл жеңіс сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті?
– ⁠Бұл жарыс менің осы жобаммен шыққан ең бірінші жарыс болды. Сондықтан да өте қатты қобалжыдым. Негізінен критикаға, жеңіліске дайын болып бардым. Әлемнің 40 тан астам мемлекеті өз жобаларын паш етіп жатқанда, өз мемлекетімнің де аты естілгенін қаладым. Бұндай жарыстарда әркім өзі үшін емес, мемлекеті үшін шығатынын түсіндім. Тіпті сенің атынды емес, мемлекетіңнің атымен атап жүреді. Бұл жарыста жеңу маған үлкен мотивация берді. Маған біреу сенетінін түсіндім. Жобам расында дами алатыннын түсінген мен осыдан кейін тоқтамаймын деп уәде бердім. Алтынның дәмін сезген адам ешқашан тоқтамайды екен. Сондықтанда бұл жер мен үшін маңызды сәттердің біріне айналды.

– 2023 VEX Robotics World Championship-те әлемдік рекорд орнату барысында қандай стратегия қолдандыңыз?
– ⁠Бұл жарыс АҚШ та Даллас қаласында өтті. Әр мемлекеттен құрама командалар шығып, бәрі бір-бірінен асып түсе берген. Біздің баста стратегия командаларды ойынға дейін бақылап, олар түспентін немесе жүрмейтін зоналарда жұмыс жасадық. Әлсіз жақтарын өзімізге қосымша балл ретінде алып отырдым.

–Наноспутник жобасынан кейін қандай жаңа жобаларға назар аударуды жоспарлап отырсыз?
–⁠ Бұл жобадан кейін ғылыми техникалық жобаларға назар аударғым келеді. Мамардығым Жасанды Интеллект маманы, осы бойынша жұмыс істегім келеді.

– Қазақстанның болашағына үлес қосу туралы айттыңыз. Осы мақсатты жүзеге асыруда қандай кедергілер мен мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз? – ⁠Қазақстан азаматы болғандықтан өз отанымның дамуына үлес қосу менің парызым деп санаймын. Жасап жатқан ісім еліміздің экономикалық, аграрлық салаларына зор пайдасын қосады деп сенемін. Ал ең басты кедергінің бірі кейбір тараптардан қолдаудың болмауы.

– Жас ғалымдарға өз идеяларын жүзеге асыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– ⁠Өте бәсекелесті ортаға ұмтылу. Критиканы, кеңестерді дұрыс жағынан қабылдау білу Және көп қателесу. Менің жобамның өзінің 100-ден астам прототипі болды.

– Робот техникасы мен бағдарламалау бойынша 6 жылдық тәжірибеңізден ең маңызды сабағыңыз қандай болды?
– ⁠Ең маңызды сабағым дұрыс ортада болу, адамдармен жақсы қарым қатынаста болу. Осы жасқа дейін мен роботтарды құрып жүрмін деп ойласам, негізінен мені құрап жүрген роботтар екенін түсіндім. Бұл сала менің тұлға ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді.

– Жас өнертапқыштарға арнап жеке академия ашу жоспарыңыз бар ма?  – ⁠Егер расында қазақстанда талантты жастар көбейе берсе, өз жолыммен бөлісіп, көмектесу ойымда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Назым МАЛИККЫЗЫ 

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру