Жұмысқа байланысты стресс, атап айтқанда, жұмыс жүктемесінің көптігі мен еңбек пен марапат арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы, жүрекшенің фибрилляциясы (жүрек ырғағының бұзылуы) қаупін арттыруы мүмкін, деп хабарлайды Америкалық жүрек қауымдастығының журналында.
Жүрекшенің фибрилляциясы (AFib немесе AF деп те аталады) – жүрек ырғағының бұзылуының ең кең таралған түрі. Ол инсультқа, жүрек жеткіліксіздігіне немесе басқа да жүрек-қан тамырлары асқынуларына әкелуі мүмкін. Америкалық жүрек қауымдастығының 2024 жылғы статистикасы бойынша, АҚШ-та 12 миллионнан астам адам осы дертке шалдығуы мүмкін.
Бұған дейінгі зерттеулер жұмыс жүктемесінің жоғары болуы және еңбек пен марапат арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы жүректің ишемиялық ауруы қаупін арттыратынын көрсетті. Алайда бұл зерттеу алғаш рет екі психоәлеуметтік стресс факторының жүрекшенің фибрилляциясына әсерін зерттеді, дейді зерттеу авторы, Квебек қаласындағы Лаваль университетінің кәсіптік және жүрек-қан тамырлары эпидемиологы, доцент Ксавье Трюдель.
«Жұмыс орнындағы психоәлеуметтік стресс факторларын болуы және оларды азайту – дені сау жұмыс ортасын құру үшін маңызды қадам. Бұл жеке адамдарға ғана емес, жұмыс істейтін ұйымдарға да пайдасын тигізеді», – деді Трюдель.
Зерттеушілер жұмыс орнындағы стресске әкелетін екі негізгі факторды зерттеді:
1.Жұмыс жүктемесінің жоғары болуы – бұл қызметкерлердің ауыр жұмыс талаптарына тап болып, шешім қабылдау немесе тапсырмаларды орындау тәсілін бақылау мүмкіндігі аз орта.
2.Еңбек пен марапат арасындағы тепе-теңдіктің болмауы – қызметкерлер өз жұмысын жоғары бағалап, көп күш жұмсаса да, алатын марапаты (жалақы, тану, жұмыс қауіпсіздігі) жеткіліксіз немесе әділетсіз деп қабылдайтын жағдай.
Канададағы шамамен 6000 «ақ жағалы» қызметкердің медициналық деректерін 18 жыл бойы зерттей отырып, ғалымдар келесі нәтижелерге қол жеткізді:
•Жұмыс жүктемесінің жоғары екенін айтқан қызметкерлердің жүрекшенің фибрилляциясын дамыту қаупі 83%-ға жоғары болды.
•Еңбек пен марапат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанын айтқан қызметкерлердің ауру қаупі 44%-ға жоғары болды.
•Осы екі фактордың қосарлас әсері жүрекшенің фибрилляциясы қаупін 97%-ға арттырды.
Трюдельдің айтуынша, бұған дейінгі зерттеулер көрсеткендей, жұмыс жүктемесін азайту үшін ірі жобаларды баяулату, икемді жұмыс уақытын енгізу және менеджерлер мен қызметкерлер арасындағы мәселелерді талқылайтын кездесулер өткізу сияқты ұйымдастырушылық өзгерістер қан қысымын төмендетуге тиімді болған.