Мен перзентіндей мәпелеп, қыранындай баптаған әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің докторантымын. Әдебиетім биікке көтерген шығар, сірә? Араға жыл салмай, қызықты шақтарды қаумалап ұстап, құлаштай үйіп, ғылым атты сапарға белді бекем буып, ҚазҰУ-ға тағы қадам бастым. Бірақ бұл жолғы сапардың мәні басқа, жөні бөлек. Адам баласы — білімге, дүниедегі бар жақсының бәріне қашанда ашқарақ келеді емес пе? Әр студенттің кеудесінде “білім мен ғылымның қайнаған ортасында оқысам…” деген қалау болатыны сөзсіз. Ал ҚазҰУ-дың көздің жауын алатын пейзажын, аудиторияларын, ғылымға тұтас тағдырын арнаған ұстаздарын айтпасақ та мәшһүрге аян.
Тіпті дәл қазір ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылу үстінде. Жоспар бойынша 2026 жылға дейін жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтеріп, 3180 орындық 3 жатақхананың құрылысы аяқталмақ. Одан бөлек, таяуда ғана ҚазҰУ-дың шетелдегі үшінші филиалы бой көтерді. Дәріс әрине, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтеді. Ағылшын тілі демекші,
ғылым мен технология ғасырында білім беру, ғылым, мәдениет, өнер, саясат пен экономиканың сан саласында қарым-қатынасты күшейтіп, ынтымақтастықты нығайтуда ағылшын тілінде жүргізілетін академиялық жазу пәнінің рөлі жоғары.
Ағылшын тілін әлем халықтары жарыса оқитын себебі – ол ғылым мен білімнің тіліне айналды. Ғылыми ақпараттың 70 пайызы осы тілде сақталған. Осы ретте қазақ тілін осы деңгейге қалай көтереміз деген сұрақ туындайды. Бұл бүгінгі күнде ғана көтерілген мәселе емес, тура бір ғасыр бұрын, 1924 жылы Орынборда А.Байтұрсынов бастаған қазақ оқығандары жиналып, қазақтың терминологиясын, ғылым тілін дамытудың ғылыми бағыт-бағдарын белгілеген болатын. Ал академиялық жазу пәні — А.Байтұрсынұлы айтқан ғылыми бағдар беретін жетекші пәндердің бірі. Бұл пәнде әр докторант мақала жазуды, зерттеу жұмыстарын, редакторлық процессті, эссе жазуды ағылшын тілінде меңгеріп шығады. Менің де мақсаттарымның бірі: ғалымдықтың тізгінін ұстап, әдебиеттану мәселелерін зерттеу, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге тереңінен құлаш сермеу. Құт дарыған қасиетті қара шаңырақты әлемдік биікте тағы да таныта түсу!
Екпін Елдосұлы, PhD І-курс докторанты,
Утемгалиева Насихат Адайхановна,
PhD, доцент м.а.,
Авакова Раушан Амирдинқызы
филология ғылымының докторы, профессор.