Кезінде данышпан Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамның жауы» деп айтқан. Айтса, айтқандай-ақ, университетте жаңа ғылыми-инновациялық «Al-Farabi University – Smart City» жобасы қолға алынуда, оның мақсаты – «жасыл» кампуста орналасқан студенттерді тәлім-тәрбиеге баулитын «ақылды» университет құру. Мұндағы басты идея Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала туралы еңбектеріне негізделген. Университеттің осындай моделін құратын болсақ, біздің студенттер тек кәсіби жағынан ғана емес, адамгершілік-моральдық тұрғыда да заманға лайықты адамдар болады деп ойлаймын.
Одан бөлек, ҚазҰУ-да мемлекеттің қолдауымен «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша факультет студенттері мен магистранттары АҚШ, Малайзия, Ресей университеттерінде бір семестр оқып келіп жатыр. Факультетте ағылшын тілінде оқытатын он бір топ ашылған, бұл олардың шетелде оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, шетелдік студенттер де біздің зертханаларда тағылымдамадан өтіп жүр.
Қысқасын айтқанда, қоғам құру және елімізде «зияткерлік орта» қалыптастыру – Қазақстанның көптеген университеттерінің міндеті. Ғылымдағы жаңалықтар мен студенттерді өнеркәсіп пен бизнесте «ақылды шешім» шығаратын нақты жобаларға жұмылдыруда университетіміздің мүмкіндігі зор деп есептеймін.
Утепбергенова Гаухар Кушербаевна, PhD І-курс докторанты,
Утемгалиева Насихат Адайхановна,
PhD, доцент м.а.
Авакова Раушан Амирдинқызы
филология ғылымының докторы, профессор.