Жаңалықтар

KAZAKHMYS PROGRESS компаниясы бірегей маркалық өндірісін іске қосуы-Қазақстан ғылымы тарихындағы жаңа бастама

Балқашта «Kazakhmys Progress (Қазақмыс Прогресс)» компаниясының шикі селен өндіретін бірегей цехы ашылды.

Аталмыш оқиға – қазақ ғылымы үшін тамаша мереке, бұл күні ғалымдар өндіріс орындарының отандық ғылым мен ғылыми әзірлемелерге деген сенімін тойлайды. Бұл оқиға еліміздегі инновациялық өндіріс тарихының жаңа бастамасы болып табылады.
Бұл өте жоғары сапада тазартылған селен алуға, сондай-ақ ішкі нарықтың ғана емес, шетелдіктердің де қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін технологияны қолданатын әлемдегі ең бірінші және жалғыз өндіріс орны.
Селен – барлық әлемдік металл нарықтарында жоғары сұранысқа ие, сирек кездесетін материал, оны өндіру өте қиын, ал тазартуы одан да қиын. Аталмыш технологияның ерекшелігі сол – ол бір кезеңде құрамында 99,5%-дан астам негізгі компоненті бар таза селенді арзан, реагентсіз тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – Қазақстанда өндірілетін таза селеннің құны осыған ұқсас шетелдік өнімдердің құнынан айтарлықтай төмен болады дегенді білдіреді.
Жоғары маркалы селен алудың жаңа, бірегей әдісін Сәтбаев Университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірледі, жобаға сонымен қатар ресейлік ғалым, профессор, техника ғылымдарының докторы Сергей Нехамин қатысты. Қайтадан өңделген шикізат алудың жылдық көлемі – 75 тонна шикі селен болады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде металдың бірінші партиясы алынды.
«Жаңа өндіріс орны – әлемдік деңгейдегі технологиялық жаңалықтарды енгізуге мүмкіндік беретін заманауи өндіріс орны болып табылады. Бұл жоба тәуелсіз екі технологияны қамтиды – шикі селенді вакуумды-термиялық тазарту, бұл әдіс Қазақстан Республикасы аумағында алғаш рет енгізіліп отыр, ал екінші технология – құнды металдар цехының қалдықтарын электр балқыту әдісімен өңдеу арқылы қалпына келтіру», — деді «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.
Осылайша, селенді вакуумды-дистилляциялық технология арқылы өндіру оны тек дәстүрлі шикізаттан ғана емес, сонымен қатар техногендік қалдықтарды пайдалана отырып, өндіріс тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаға оң әсер етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тұтас аймақ пен бүкіл ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Kazakhmys Progress» – металлургия саласы бойынша инновациялық технологияларды әзірлеумен және оны өндіріске енгізумен айналысатын қазақстандық компания.
Жаңа және заманауи өндіріс орнының ашылуы ғылым мен өндірістің интеграциясын кеңінен сипаттайды, әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтқан басымдықтарына толық сәйкес келеді, сонымен қатар заманауи жоғары технологиялық өндірістерді кеңейтуге, технологиялық құрылымдардың бесінші және алтыншы деңгейіне жетуге және ұлттық экономиканы жаңғырту процесінде алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру