Бүгін елордада жаңартылатын энергия көздері саласындағы Қытай-Қазақстан ғылыми-техникалық ынтымақтастығы жөніндегі конференция өз жұмысын бастады. Іс-шара «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған және жасыл энергетика саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған.
Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, сондай-ақ мүдделі Қазақстан-Қытай компаниялары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да 17 жыл бойы іске асырылып келе жатқан сутегі энергетикасы технологиясын әзірлеу тәжірибесімен бөлісті.
«Мұнда жоғары деңгейдегі ғылыми-технологиялық бөгет құрылды, қондырғылары бар заманауи эксперименттік база, талдамалық аппаратура бар. Осы бағыт бойынша кәсіби ғылыми ұжым мен бірегей арнайы жабдық қалыптастырылды. Q1, Q2 (WoS) журналдарында шолулар, мақалалар жарияланды. Алғаш рет 900, 850, 800ºС температурада 1.2, 0.88, 0.6 Вт/см2 қуаты бар синтезделген электродтар негізінде сутекті қатты оксидті отын ұяшығы құрылды. Бұл сипаттамаларды үздік әлемдік жетістіктермен салыстыруға болады», — деп атап өтті С.Нұрбек.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың мамыр айында энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемде энергияны сақтау және оны жаңғыртып отыратын тиімді технологиялар пайда болып, сынақтан өткізіліп жатыр. Техникалық прогресстің шапшаңдығын ескерсек, мұның бәрі таяу келешекте шындыққа айналуы мүмкін».
Сутегі энергетикасы технологиясын әзірлеу жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетіндегі Германия университеттерінің филиалдары базасында баламалы және сутегі энергетикасы бойынша жоғары білікті кадрлар мен мамандар даярлауды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, министр Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрлігінің Қытай Ғылым академиясымен ғылыми-зерттеу институттары арасында тікелей байланыс орнату, екі елдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуда ынтымақтастықты үйлестіру және дәйекті тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасау бөлігінде өзара іс-қимылына ерекше назар аударды.
«2018 жылғы қаңтардан бастап 2020 жылға дейін гранттық қаржыландыру шеңберінде Қытай ғалымдарының қатысуымен 8 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасында 249 шарт жасалды. 20 халықаралық бірлескен жоба іске асырылуда. Бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос дипломды бағдарламалар іске асырылуда. ҚХР-мен ынтымақтастық «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында да жүзеге асырылуда. «500 ғалым» бағдарламасы аясында біздің ғалымдарды ғылыми тағылымдамадан өту үшін Қытайдың жетекші әлемдік ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми зертханаларына жіберу жоспарлануда», — деді министр.
Конференцияның панельдік сессиясында Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, өзінің көзқарасымен бөлісіп, университеттегі «таза» энергетиканы дамыту бағдарламасы туралы айтты.
Іс-шара барысында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен Kazakhstan Energy Investment Co. Ltd. арасында ЖЭК саласында оқыту және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.