Соңғы жылдары биологиялық препараттар ауыр астмасы бар науқастардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартты. Алайда Швециядағы Каролинска институтының жаңа зерттеуі бұл дәрілердің иммундық жүйеге ұзақмерзімді әсерін толық түсінбей келеміз деген тұжырым жасады. Зерттеушілер кейбір қабыну тудыратын иммун жасушалары емделгеннен кейін де толық жойылмайтынын анықтады.
«Бұл препараттар симптомдарды бақылауға көмектеседі, бірақ олардың нақты иммундық жүйеге қалай әсер ететіні белгісіз болып отыр», – дейді пульмонология маманы және Каролинска университеттік ауруханасының докторанты Валентина Ясинская.
Аталған зерттеу Allergy ғылыми журналында жарияланды. Зерттеу аясында ауыр астмамен ауыратын 40 науқастың қаны емге дейін және ем кезінде талданған. Ғалымдар күтпеген жайтқа тап болды: биологиялық ем кезінде кейбір маңызды иммундық жасушалар – мысалы, қабынуды қоздыратын жасушалар – керісінше, көбейіп кеткен.
Бұл нені білдіреді?
Каролинска институтының тіндік иммунология профессоры Дженни Мьёсбергтің айтуынша, бұл биологиялық препараттар аурудың түп-тамырына әсер етпеуі мүмкін екенін білдіреді. «Олар симптомдарды жеңілдеткенімен, ауруды толық емдемейді. Сондықтан науқастарға ұзақмерзімді ем қажет болуы мүмкін», – дейді ол.
Ғылыми әдістер мен деректер негізі
Бұл зерттеу BIOCROSS деп аталатын клиникалық жобаның деректеріне негізделген. Ғалымдар проточная цитометрия және біржасушалық секвенирлеу секілді заманауи әдістерді қолдана отырып, иммундық жасушалардың қасиеттерін және қызметін зерттеген.
«Қабыну жасушаларының деңгейі төмендемей, керісінше артып кеткенін көру – біз үшін таңғаларлық жаңалық болды», – дейді зерттеуге қатысқан докторант Лоренц Вирт. Оның айтуынша, бұл құбылыс ем тоқтатылғанда немесе қысқарған кезде астманың қайта өршуін түсіндіруі мүмкін.
Биопрепараттар – әлі толық зерттелмеген аймақ
Меполизумаб пен дупилумаб сияқты биологиялық препараттар медициналық тәжірибеге енгеніне он жыл да болмаған. Сол себепті олардың ұзақмерзімді иммунологиялық әсері әлі де толық зерттеліп біткен жоқ.
Зерттеудің келесі кезеңі
Келешекте зерттеушілер ұзақ уақыт бойы ем қабылдаған науқастардың деректерін қарап, өкпе тіндерін зерттемек. Бұл жұмыс биологиялық препараттардың тыныс жолдарындағы қабыну процесіне нақты қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қорытындыласақ, биологиялық ем қазіргі уақытта астма симптомдарын басқарудың тиімді жолы болғанымен, оның аурудың ішкі механизмдеріне толық ықпал етпеуі мүмкін. Осы себепті, медицинада астманы түбегейлі емдеу үшін иммун жүйесін тереңірек зерттеу жалғаса бермек. Бұл зерттеу – сол ұзақ жолдың маңызды кезеңдерінің бірі.