Адамдар күнделікті қолданатын лосьондар мен әтірлер тері маңындағы ауаның химиялық құрамына айтарлықтай ықпал етеді. Бұл туралы 21 мамырда Science Advances журналында жарияланған жаңа зерттеуде жарияланды. Ғалымдардың айтуынша, бұл процестердің адам денсаулығына әсерін толық түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет.
2022 жылы атмосфералық химик Нора Заннони бастаған зерттеушілер тобы терідегі табиғи майлар мен ауадағы озон арасындағы реакция нәтижесінде «адамның тотығу өрісі» — яғни гидроксил радикалдарының бұлты түзіліп, ол ауадағы түрлі қосылыстармен әрекеттесетінін анықтаған болатын. Бұл радикалдар ластаушы заттармен, сондай-ақ органикалық молекулалармен химиялық байланысқа түседі.
Осы жаңалықтан кейін ғалымдар теріге жиі жағылатын косметикалық өнімдердің бұл тотығу өрісіне қалай әсер ететінін зерттеуге кірісті. Германиядағы Макс Планк атындағы химия институтының ғалымы Джонатан Уильямстың айтуынша, төрт еріктіге климаттық бақылауы бар арнайы камераға кірер алдында ылғалдандырғыш крем немесе әтір жағу тапсырылған. Камера ішіне аздаған озон жіберіліп, кейін гидроксил радикалдары мен басқа химиялық қосылыстардың деңгейі өлшенген. Нәтижесінде, әрі лосьон, әрі әтір гидроксил радикалдарының мөлшерін азайтатыны анықталғанымен, олардың әсері әртүрлі болды.
Лосьон терідегі табиғи майларды сұйылтып, реакцияға түсетін заттардың мөлшерін азайтады. Сонымен қатар ол бірнеше сағат бойы феноксиэтанол деп аталатын қосылыс бөледі. Бұл зат радикалдармен қосылып, олардың санының азаюына әкеледі. Ал әтір (Calvin Klein-нің CK One үлгісі) радикалдардың түзілуіне тікелей кедергі келтірмеген. Алайда ол бар гидроксил радикалдарын тез арада өз құрамындағы этанолмен әрекеттестіріп, оларды бейтараптандырады.
«Гидроксил радикалы — жабайы аң секілді. Ол өзіне қажет сутек атомын басқа молекуладан тартып алуға тырысады. Этанолдан сутек тартып алғаннан кейін ол жай ғана су молекуласына айналады», — дейді Уильямс. Бұл үдеріс теріге жақын маңдағы ауада радикалдардың өмір сүру ұзақтығын қысқартады.
Экологиялық денсаулық сақтау саласының сарапшысы Линчен Хэнің пікірінше, бұл өзгерістердің адам денсаулығына әсері — оң, теріс немесе бейтарап болуы мүмкін. Барлығы қолданылған өнімнің химиялық құрамына және ішкі орта жағдайына байланысты. «Гидроксил радикалдары ауадағы басқа қосылыстармен әрекеттескен кезде жаңа заттар түзіледі. Олардың кейбірі пайдалы болуы мүмкін, ал басқалары — тітіркендіргіш немесе тіпті зиянды», — дейді ол. Сондықтан ғалымдар бұл заттардың нақты қандай қасиеттерге ие екенін және олардың денсаулыққа қалай әсер ететінін тереңірек зерттеуді ұсынады.
Уильямстың өзі де мұндай өнімдерді көбірек немесе азырақ қолдану жөнінде нақты ұсыныс айтуға ерте екенін айтады. «Біз әлі де үй ішіндегі химиялық процестердің бізге қалай әсер ететінін толық білмейміз. Бұл — қазіргі таңда белсенді зерттеліп жатқан бағыт», — дейді ол.