Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар Қытайдың 50 университетінде оқу мүмкіндігіне ие болды

 Бұл туралы ІІ Қазақстан-Қытай әріптестігі жөніндегі конференцияда айтылды.

Қос тарап ғылым саласын дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Ел бюджетінен 2025 жылға дейін ғылымды қолдауға 650 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржының басым бөлігі қызметкерлерді дайындауға жұмсалады.

«Қытайдың 50 жоғары оқу орны тізімге енді. Енді ірі компаниялар да қызығушылық танытады деген ойдамын. Бізде «500 ғалым», «Болашақ» бағдарламаларынан бөлек, мемлекеттік гранттар да бар. Қазір Қытайда 3,5 мың қазақстандық білім алып, тағылымдамадан өтіп жатыр. Ал мыңнан астам Қытай азаматы біздің университетте оқиды. Осылайша отандық ғылымды аяғына тік тұрғызуды көздеп отырмыз»,-деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша меморандум жасалды.

Үкімет 2025 жылы елімізде өндірілетін энергияның 6 пайызын жел, су және күн станцияларынан алуды жоспарлап отыр. Қазір 133 жаңартылатын энергия нысаны бар. Биылғы жылдың І жарты жылдығында кәсіпорындардың қуаты 3,35 млрд кВт/сағ-ты құрады. Бұл – барлық электр энергиясының 5,8 пайызы.

«Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін құруға қажетті ресурс жеткілікті. Қазіргі уақытта біздің компания қазақ елінде жалпы қуаты 500 МВт болатын жобаны жүзеге асыру үстінде. Меморандум саладағы жұмысты жеделдетуге мүмкіндік береді. Келешекте әріптестігіміз нығая түседі деген сенімдемін»,-KAZAKHSTAN ENERGY INVESTMENT бас директоры Чжао Цзяньган.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру