Бүгінгі таңда адам ішегінің ең толық жасушалық сызбасы жасалды. Бұл 1,6 миллион жасушадан алынған кеңістіктік және біржасушалық деректерді біріктіру арқылы пайда болды. Ішек жасушаларын сызбаға түсіру обыр мен қабыну аурулары (IBD) сияқты жағдайларда не болып жатқанын түсінуге көмектеседі. Wellcome Sanger институтының зерттеушілері және олардың әріптестері осы атласты пайдалана отырып, ішектің белгілі бір жасушасының жаңа рөлін анықтады. Бұл жасуша кей адамдардағы қабыну циклында маңызды рөл атқарып, ауырсыну мен стрессті тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Wellcome Sanger институт сайты.
Nature журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар 25-тен астам адам асқорыту жүйесіне (ГАЖ) арналған біржасушалық деректер жиынтығын сәйкестендіріп, адам ішегінің әлемдегі ең үлкен, ашық қолжетімді ресурсын құрды. Бұл зерттеуге денсаулығында мәселесі бар және жоқ адамдардың үлгілері кірген. Ішектің сау және ауру жағдайындағы толық суретін құру арқылы зерттеушілер жаралы колит және Крон ауруы сияқты жағдайлардың дамуына ықпал ететін негізгі өзгерістерді немесе айырмашылықтарды анықтап, жаңа дәрілерді жасау үшін әлеуетті нысаналарды таба алады.
Асқорыту жүйесінің рөлі және аурулар әсері
Асқорыту жүйесі – біздің тамақтан қоректік заттарды сіңіруге және патогендерге тосқауыл болуға жауап беретін ағзалар тобы. Бұл жүйе ауыз қуысынан басталып, өңеш, асқазан, аш ішек, тоқ ішек, тік ішек және анусты қамтиды. ГАЖ-дың бұзылуы миллиондаған адамдардың өміріне әсер етеді. Мысалы, жаралы колит және Крон ауруы сияқты қабыну аурулары (IBD) әлем бойынша жеті миллионнан астам адамды зақымдайды. Бір ғана Ұлыбританияда әр 123 адамның біреуі IBD-мен өмір сүреді. Оның белгілері іштің ауыруы, диарея, тік ішектен қан кету, қатты шаршау және буын мәселелерін қамтиды. Ішек обыры, немесе колоректальды обыр, тоқ ішекте басталып, Ұлыбританияда ең көп таралған төртінші обыр түрі болып табылады. Жыл сайын 43 000-ға жуық адам осы диагнозды алады. Әлемде бұл ауруға шамамен екі миллион адам шалдығады.
Жаңа ресурстар және болашақ зерттеулер
Wellcome Sanger институты зерттеушілері мен әріптестері 1,6 миллион жасушаны қамтитын жаңа атлас құрып, оны ғылыми қауымдастыққа қолжетімді етті. Бұл құрал басқа ағзаларға қолданылып, болашақ зерттеулерге жол ашады. Зерттеу барысында ішектің белгілі бір метапластикалық жасушаларының қабынуға ықпал ететіні анықталды. Әдетте бұл жасушалар асқазан шырышты қабатын қалпына келтіруге қатысады. Дегенмен қабыну кезінде олардың генетикалық өзгерістері байқалады. Бұл жасушалар IBD секілді ауруларда қабынуды күшейтетін фактор болуы мүмкін.
Зерттеу авторы Доктор Аманда Оливер «Біржасушалық және кеңістіктік деректер адамның ішегіндегі жасушалардың өзара әрекеттесуін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл атлас ішекті сау және ауру жағдайында егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді».
Зерттеушілердің айтуынша, бұл атлас ғылым мен медицинадағы жаңа емдеу әдістерін жасауға үлес қосады.
Назым МАЛИККЫЗЫ