Аудио ПодкастӘлемБасты ақпаратБейне бағдарламаларГалактикаҒылым қорыҒылыми мақалаларЖаңалықтарЖер

Астрономдар алғаш рет басқа галактикадағы жұлдыздың «портретін» алды

Астрономия ғылымындағы тағы бір үлкен жаңалық – Құс жолынан тыс орналасқан жұлдыздың алғашқы жақыннан түсірілген «портретінің» алынуы. Бұл жетістік Үлкен Магеллан бұлты галактикасындағы WOH G64 деп аталатын қызыл асжұлдызды зерттеу барысында жүзеге асырылды. Ғалымдар үшін бұл жұлдыздың қасиеттері мен құрылымын тереңірек түсінуге жол ашатын маңызды қадамдардың бірі болды.

WOH G64 – адамзатқа белгілі ең алып жұлдыздардың бірі. Оның радиусы Күннің радиусынан шамамен 1700 есе үлкен, ал егер ол біздің Күн жүйемізде орналасса, оның шекарасы Юпитер мен Сатурн орбиталары арасында болар еді. Алғашында бұл жұлдыздың массасы Күннен 25 есе ауыр болғанымен, қазір ол массасының айтарлықтай бөлігін жоғалтуда. Жыл сайын шамамен мыңнан бір бөлігін жоғалтып отырған жұлдыз ғарышқа шаң мен газ таратып жатыр. Бұл процесс жұлдыздың эволюциясының соңғы кезеңдеріне жақындап қалғанын білдіреді, яғни жақын болашақта WOH G64 жарылып, суперноваға айналуы мүмкін. Сол себепті, Ғалымдар жұлдыздың құрылымын зерттеу үшін GRAVITY деп аталатын заманауи құралды қолданды. Бұл аспап WOH G64-ті қоршаған ерекше шаңды «коконды» анықтауға мүмкіндік берді. Кокон жұмыртқа тәрізді формаға ие және жұлдыздан 9–13 радиус қашықтықта орналасқан. Алайда коконның нақты пайда болу себебі әлі де зерттеуді қажет етеді. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл пішін жұлдыздың серігімен өзара әсерлесуінен немесе шаңды заттардың сыртқа ағуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін.Жұлдыздың айналасындағы шаңды қабаттан бөлек, ғалымдар оның пішіні сақина немесе «тор» болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Алайда бұл дерек әлі толық дәлелденбеген, себебі кейбір құрылымдар деректерді өңдеу кезінде туындаған қателіктердің нәтижесі болуы мүмкін. WOH G64 туралы бұл зерттеу астрономия үшін өте маңызды. Мұндай зерттеулер массивті жұлдыздардың өмірлік циклін түсінуге, олардың ғарыштағы рөлін анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар Құс жолынан тыс орналасқан жұлдыздарды зерттеу болашақта басқа галактикалардағы ғарыштық құбылыстарды тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. WOH G64 – жұлдыз эволюциясын зерттеудегі жаңа дәуірдің символы. Ғалымдар болашақта бұл сияқты ерекше жұлдыздарды әрі қарай бақылауды жоспарлап отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру