Бастауыштан бастап бағдарламаны жөндеу керек!
Қазақстан 4-сынып оқушылары 2015 жылы TIMSS халықаралық зерттеуінде 12-орын алса, 2022 жылы 58 елдің ішінде 31-орынға түсті. Неге құлдырадық? Сұрақтар деңгейі өзгерді ме, мұғалімдердің сапасы төмендеді ме, әлде министрлік пен білім мекемелері дұрыс жұмыс істемеді ме?
Барлығы емес, бұл мәселе ең алдымен білім мазмұнына байланысты. Бұрынғы мақаламда айтқанымдай, білім мазмұнын сапалы өзгертпейінше, білім сапасы да көтерілмейді, оқулықтардағы олқылықтар да шешілмейді. 2016 жылдан бастап жаңартылған білім мазмұны кезең-кезеңімен енгізіліп, жаңа оқулықтар құрастырылып, қолданысқа енді. Жаңартылған мазмұнға сәйкес, бастауыш сынып математикасы бес бөлімнен тұрады: сан және шама, алгебра элементтері, геометрия элементтері, жиын және логика, математикалық модельдеу. Бастауыш сыныптың үлгілік оқу бағдарламасында осы бөлімдер бойынша оқу мақсаттары көрсетілген. Мұнда спиральді (шиыршық) оқыту жүйесі қолданылады, яғни 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін барлық оқулықтар осы бес бөлімді қамтуы тиіс. Әр оқушы 1-сыныптан бастап, осы оқу мақсаттарын меңгеруі керек.
TIMSS халықаралық зерттеулеріне сәйкес, әлем бойынша бірінші орында келе жатқан Сингапур да біздегі секілді спиральді оқыту жүйесін қолданады. Алайда олардың математикасы тек үш бөлімнен тұрады: 1. Сан және алгебра, 2. Геометрия және өлшем бірліктері, 3. Статистика. Бізде болса, сан мен алгебраны бөліп тастағандықтан, бірінші сыныптан бастап алгебра элементтерін оқытуға мәжбүр болдық. Яғни, бірінші сыныптан бастап әріпті өрнек пен теңдеулерді, ал екінші сыныптан бастап күрделі теңдеулерді өту керек.
Бірде маған бір саудагер келіп, «математика үйренуім керек болып жүр» деді. Ол мектеп кезінде математикадан жақсы оқығанын, бірақ икс (x) пайда болған кезде түсінігін жоғалтқанын айтты. Ал қазір сол x бірінші сыныптан бастап оқытылады. Мысалы, бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныпқа арналған математика оқу бағдарламасында алгебра элементтері бөлімінде «1.2.1.3 қосу мен азайту амалдары арасындағы қатынасты әріпті өрнектер түрінде: a + b = c, c — a = b, c — b = a көрсету және қолдану» деген оқу мақсаттары бар. 1+2=3-ті енді үйреніп жүрген бірінші сынып оқушысына осыны түсіндіру қаншалықты оңай болатынын елестетіңіз. Бұдан бөлек, қосудың ауыстырымдылық және терімділік қасиеттерін әріпті теңдік түрінде: a + b = b + a, (a + b) + c = a + (b + c) білуі керек. Осылайша, біз бірінші сыныптан бастап ғалымдар тәрбиелеп жатырмыз-мыс.
СТАТИСТИКА НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫ
Келесі, жиын және логика бөлімі. Осы бөлімнің аясында бірінші сыныптан бастап жиын оқытылады. Бірінші сынып оқулығында бос жиын деген де кездесті. Бірінші сыныпқа баласы барған бір математик әріптесіміз айтады: «бірінші сыныпта бос жиын деген бар екен, балама түсіндіре алай жатырмын дейді, бос жиын деген ешқандай элементі жоқ жиын деп. Сөйтсем, балам өзіме қарсы сұрақ қойды дейді, ешқандай элементі жоқ болса, ол қалай жиын болады деп. Ал ары қарай екінші сыныпта жиын, үшінші төртінші сыныпқа келгенде жиындардың қиылысуы, бірігуінің ауыстырымдылық, терімділік қасиеті кетеді. Бірінші сыныптың өзінде «Қосу амалын ортақ элементтері жоқ жиындардың бірігуі, азайтуды жиынның бөлігін ажыратып алу ретінде түсіну» керек екен. Осы бөлім бойынша 1-4 сыныпқа дейін комбинаторика оқытылуы керек. 1-сыныпта: «екі-екіден» комбинациялар жиынын құрастыру, екінші сыныпта: «үш-үштен» комбинациялар жиынын құрастыру, үшінші сыныпта «Мүмкіндік ағашы» туралы түсінігі болу (бұрын 5-сыныпта болған), төртінші сыныпта: «таңдап алу әдісімен комбинаторикалық есептердң шығару» болып кетеді.
Сонымен, алгебра мен жиынды оқытамыз деп жүріп, қазіргі заманда ең маңызды сала саналатын «статистика» назардан тыс қалды. Біз қанша бала білім мазмұнын игеріп жатыр, қаншалықты тиімді екенін талдаған жоқпыз. Балаларды сан мен цифрмен жұмыс істеуге, деректерді жинауға, талдауға, анализ жасауға үйретпедік. Ал TIMSS халықаралық зерттеулері бізге осы жағдайды көрсетіп берді. Жаңартылған білім беру мазмұнының қаншалықты тиімді болғанын дәлелдеп берді.
Бастауыштан бастап барлық адамға қажетті математиканы балаларға үрей туғызатындай етіп үйреттік. Мен Сингапурдың үлгісін толықтай алайық деп отырған жоқпын. Біз ешқашан Сингапур бола алмаймыз, өйткені біз – қазақпыз, өзіміздің ұлттық ерекшеліктеріміз, құндылықтарымыз бар. Озық елдердің тәжірибесін зерттеп, өзімізге қажеттіні ғана алайық, қазақстандық сапалы мазмұн жасайық деген ойдамын!
2022 жылдың 7-17 маусымы аралығында «Білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын, үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру» жұмыс тобы құрылып, Астана қаласында 10 күндік жұмыс жасалды. Мен бұл жұмыс тобына бастауыш сыныптың математикасы бойынша қосылуға сұрандым, себебі бірнеше маңызды ұсынысымды бергім келді. Алғашқы бес күніміз оқу-үйренумен өтті, бірақ нақты жұмысқа кіріскен кезде қызықтар басталды. Менің ұсыныстарымды топтағы бастауыш сынып мұғалімдері қолдаса да, өзім отырған жұмыс тобында қолдау таппадым. Пікір екіге жарылды. Алгебра мен геометрияны біріктіру қажеттігі туралы ұсынысым жұмыс тобындағы математиктер тарапынан қарсылыққа ұшырады. Ақыр соңында Ұлттық білім академиясы мен министрлік араласып, мәселені басуға тырысты. Бірақ мені қолдағандар да көп болды.
Алайда бұл ойды жүзеге асырудың оңай еместігін кейін түсіндім. Себебі бұл топ тек «жетілдіру» үшін ғана құрылған екен, яғни жаңартылған білім мазмұнының құрылымын өзгертпеу, тек жеңілдету туралы тапсырма берілген. 1-6 сыныптарға дейінгі оқу мазмұнынан тұратын осы бес бөлімді өзгерткеннің өзінде, 5-6 сыныптарға ықпал ете алмайтын едім.
Айтпақшы, мен сол топта біразға дейін қалып, бастауыш мазмұнын жеңілдетуге тырыстым. Бірақ мазмұндық құрылым өзгермейінше, бұл жұмыс түбегейлі шешім болмайтынын өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар. Бұл ескі ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізгенмен бірдей — бес қабырғаға барып қайта соғыласың.
ШЕТЕЛДІК БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ҰСЫНЫСТАР
Кейін Ұлттық білім академиясының президенті Мадина ханыммен кездестім, ол менің ұсыныстарымды министрге жеткізетінін айтты. Сингапур бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан мектептерді зерттеу жұмыстарын бастап кеткенін де жеткізді. Мен слайд жасап бердім, бірақ шетелдік бағдарламаны бейімдемей алуға қарсылығымды білдірдім. Одан кейін бұл мәселе бойынша менен ешкім сұрамады.
Міне, бастауыш сынып математикасындағы біраз мәселені айттық. Басқа пәндерде де дәлосындай проблемалар бар деп ойлаймын. Білім мазмұнындағы стандарт пен бағдарламанытүбегейлі дұрыстамай, сапасыз оқулықтардан құтыла алмаймыз. Білім мен тәрбие тығызбайланысты. Өзіміздің дұрыс мазмұнымыз болмаса, шетелге қарап жалтақтап қала береміз.
Ұсыныстарым: