Жаңалықтар

Shymkent Azamattyq BasQaru жобасын жүзеге асыру: жергілікті халықты шешім қабылдау процесіне тарту

 

Қазіргі кезде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы өзекті мәселе – азаматтарды шешім қабылдау процесіне қатыстыру және олардың ынтасын арттыру болып отыр. Нарықтық экономика мен күнделікті тіршіліктің қарбаласында азаматтардың көпшілігі жергілікті мәселелерге немқұрайлы қарайды. Бұл қоғамның белсенділігін төмендететін негізгі факторлардың бірі. Осы үрдісті жою және тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласында «Shymkent Azamattyq basqaru» жобасы іске асуда. Бұл жоба азаматтардың жергілікті басқаруға қатысуын жандандыруды көздейді, сонымен бірге олардың шешімдерге әсер етуін арттырып, қоғамдық процестерге белсенді араласуын қамтамасыз етеді. Жоба жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы болған сұхбатта осы үрдіске қатысты біршама қызықты ақпарат пен ұсыныстар алынған болатын.

Жобаның ерекшелігі неде?

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тарапынан қолдау білдірілген «Azamattyq BasQaru” жобасы азаматтық қатысуды арттыруға және Қазақстан аймақтарындағы жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде шешім қабылдау процесіне жергілікті халықты тартуға бағытталған. Аталған жоба аясында Шымкент қаласында тұрғындардың хабардарлығын арттыруға, мемлекеттік қызметтерді бақылауға және оларды жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тартуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Шымкентте «ShymkentAzamattyqBasQaru» жобасы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін тұрғындар арасында, әсіресе жастар арасында түсіндіруге бағытталған. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуда көптеген заң қабылданып жатса да, іс жүзінде ол жеткілікті түрде тиімді жүзеге асырылмауда. Біздің зерттеу барысында қала жастарының көп бөлігі жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысудың маңыздылығын, азамат ретіндегі құқықтарын толық түсінбейтіні белгілі болды.

Біз жастармен және халықтың әртүрлі секторларымен кездесулер өткізіп, олардың өз қаласын басқаруға қалай қатыса алатынын және шешім қабылдауға әсер ететінін түсіндірдік. Бұл кездесулер барысында елді мекендерді абаттандыру, қала құрылысы жобаларын жоспарлау және өмір сүру сапасын арттыру сияқты жергілікті мәселелерді шешуге, сонымен қатар Халық қатысатын бюджет жобасына азаматтарды белсенді тарту тетіктеріне баса назар аударылды.

Мысалға қала жоғары оқу орындарында қаламыздың зиялы қауымының өкілі, бұрыңғы 3 шақырылым депутаты болған, жергілікті өзін-өзі басқару саласының үздік маманы Еркін Сатқанбаев мырзамен бірге бірқатар колледждерде жастармен кездестік. Жастар ел мәселесіне немқұрайлы қарамайтынын байқадық. Алайда оларға азаматтық қоғамның негізгі құралдары мен оған қатысудың құқықтық негіздемелерін түсіндірудің аса маңызды екеніне көз жеткіздік.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі проблемаларын айтып кетсеңіз.

Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару қоғамды демократияландырудың маңызды аспектілерінің бірі болып қала береді. Алайда, біздің жұмысымыз оның мүмкіндіктерін халық арасында хабардар ету деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін анықтады. Бұл түсіндіру және білім беруде қосымша күш салуды талап етеді. ShymkentAzamattyqBasQaru жобасы аясында біз әрбір шымкенттікке жергілікті саясатқа қалай қатыса алатыны және қабылданған шешімдерге қалай әсер ететіні туралы ақпаратты жеткізуге тырысудамыз.

Шымкент қаласының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде қандай өзгерістерді айта аласыз?

Алдымен құқықтық реттеу деңгейінде айтсам – қазіргі қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органы боп қала мәслихатын айтуымыз керек. Мәслихаттың құзыреті заңмен бекітілген. Депутаттар халықтың өкілі. Халықтың құқығын қорғаушы, қажеттілігін атқару билігіне жеткізуші. Қазіргі кезде соңғы шақырылым құрамы кәсібиленген. Әр саланың кәсіби мамандары. Бұл өз кезегінде елді мекеннің түйткілді мәселелерін шешуде өте қажет. Халық арасында айталатын «ұйқыдағы» депутатты көріп жүргеніміз жоқ. Барлығы белсенді. Меніңше, уақыт талабы өзгерген. Халық та, депутаттарда біршама өзгеріске түскен. Әрбір депутат халықтың  сұраныстарын шешусіз қалдырмауға тырысуда.

Дегенмен, басқа елді мекенде жоқ, тек Шымкентте бар жақсы бір кейс ол Билер интситуты. Билер институты – қазақ қоғамының тарихында әділеттілік пен даналықтың символы болған дәстүрлі басқару жүйесі. Билер қазақ қоғамында құқықтық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып, халықтың бірлігін сақтауға ықпал еткен. Қазіргі кезде бұл институттың маңыздылығын қайта жаңғырту – қоғамдағы әділеттілікті, құқықтық мәдениетті күшейтуге, жергілікті деңгейдегі даулар мен мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үлкен септігін тигізеді. Билер институты халықтың дауысына құлақ түріп, олардың пікірін ескеретін, әділеттілікке негізделген жергілікті өзін-өзі басқарудың заманауи моделіне ықпал ете алатын жақсы бір бастама ретінде қарауға болады. Өйткені, басқа өлкелерден Шымкент аймағының бір өзгешелігі – үлкенді сыйлау мығым орныққан құнды дүние. Міне, осы тұрғыда біз билер институтын жақсы жағына пайдалануымыз қажет.

Бұл тұрғыда, билер институтын қайта жаңғырту үшін заңнамалық негіздер қалыптастыру қажет. Бұл институт жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бір бөлігі ретінде әрекет етіп, жергілікті деңгейдегі дауларды, азаматтық істерді бейбіт түрде шешуге көмектесетін беделді органға айналуы тиіс.  Екіншіден, қалалық жерлерде билерді сайлау немесе таңдау процесін демократиялық негізде ұйымдастыру. Билер ауылдық ақсақалдар мен беделді азаматтардан сайланып, олардың өмірлік тәжірибесі мен әділеттілігі ескерілетін арнайы іріктеу жүйесі енгізілуі керек. Үшіншіден, билер институтын тиімді дамыту үшін билерге құқықтық білім мен дағдыларды үйрету маңызды. Бұл оларға қазіргі заманның құқықтық жүйесімен үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді және әділетті шешімдер қабылдауына жағдай жасайды. Төртіншіден, билер қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен бірлікті сақтауға ықпал етуі тиіс. Осы мақсатта билер жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына енгізіліп, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Бесіншіден, билердің рөлін нығайту және олардың беделін арттыру үшін медиа арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен бірге мектептер мен жоғары оқу орындарында билер институтының тарихи рөлі мен қазіргі маңызы туралы арнайы курстар енгізу маңызды.

Әрине, мәслихат пен қоғамдық кеңес бар кезде бұл деңгей артық деген пікірлер де айтылуда. Кезінде өздігінен құрылып әрекет етіп жүрген қоғамдық кеңестерді де қажет емес деген сарапшылар бол,ан. Ал қазір бұл деңгей заңмен реттеліп, азаматтық қоғамның нағыз драйверіне айналды. Сондықтан эксперименттен қорықпау, керісінше бар мүмкіндіктерді қолданып көрген артық болмас. Бұл институт қазіргі заманның жергілікті басқару жүйесіне тиімді қосымша болып, қоғамда сенім мен жауапкершілікті нығайтуға әбден ықпал етуі мүмкін.

Жүйені дамытуда нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

Алдымен халықтың хабардарлығын арттыру аса маңызды. Жергілікті өзін-өзі басқару және оның қоғам өміріндегі рөлі туралы білім беру бағдарламалары мен ақпараттық материалдарды әзірлеу және тарату. Халыққа олардың өмір сүру сапасына әсер ететін жергілікті процестерге қатыса алатынын  жеткізу маңызды.

Жастардың белсенді қатысуы. Жастар – азаматтық қоғамның болашағы және өзгерістердің драйвері бола алады. Өскелең ұрпақты өзін-өзі басқару мәселелеріне тәрбиелеу үшін кездесулер мен шараларды көбірек ұйымдастыру қажет.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру: Азаматтардан алынған мәліметтер мен кері байланыс негізінде арыз-шағымдарға жедел ден қою және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметтерге тұрақты мониторинг тетіктерін енгізген жөн.

Azamattyq BasQaru жобасы Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуды көздейді. Жобаны іске асыру барысында халық арасында, әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын одан әрі күшейту қажеттігін көрдік. Азаматтық белсенділікті арттыру – бұл өз кезегінде әрбір азаматтың өмірін жақсартатын ашық әрі тиімді басқаруға апаратын жол.

Сұхбатыңызға рахмет.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру