Фотосурет Archaeodunum сайынан алынған
Париж маңындағы үйдің жертөлесінде үй иесі қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде қаңқа тауып алды. Нәтижесінде бұл 40-қа жуық қабірдің ашылуына әкелді. Кейбір қабірлер римдік кезеңге тиесілі, деп хабарлайды Livescienes сайты.
«Табылған ең ескі қабір біздің заманымыздың үшінші ғасырына, яғни Рим империясының соңғы кезеңіне тура келді. Ал гипстен жасалған 10 саркофаг франктердің ерте меровингтік кезеңіне, шамамен 476-750 жылдарға тиесілі.
Ең соңғы қабір шамамен 10-шы ғасырға жатады, бұл қабірдің шамамен 700 жыл бойы қолданылғанын көрсетеді. Археологтар бастапқы уақытта бұл жерді ерте ортағасырлық зират деп санаған, өйткені бұл аймақта кезінде 7-ші ғасырдағы шағын шіркеу тұрған. Алайда одан да ескі кезеңдегі қабірлердің болуы бізді таң қалдырды деп мәлімдеді аймақтық биліктің тапсырмасы бойынша қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан француз археологиялық компаниясы Archaeodunum.
Үй иесі алғашқы қабірді өткен қыста тапқан, ал археологтар 52 шаршы метрді қамтитын төрт бөлмелі аумақтан 38 қабірді анықтады. Бұған дейін бұл аймақта ерте ортағасырлық қабірлер табылған, бірақ шіркеу немесе ғибадатхана іздері анықталмаған. Бұл шіркеу зиратының алғаш рет зерттеліп отырғанын мәлімдеді.
Жертөледе бірнеше жерден жартастар байқалғанымен, қабірлердің көбі параллель қатарларға орналастырылған. Рим кезеңіндегі марқұмдарды ағаш қоршаулардың ішінде жерленген, бірақ уақыт өте келе олар шіріп кеткен. Ал меровинг дәуіріндегі 10 адам гипстен жасалған саркофагтарға қатар-қатар орналастырылып жерленген. Бір саркофаг бастапқыда пішінді тас блокпен жабылған, бірақ қазір ол бөлшектелген. Оның бетінде розетка мен екі крест бейнеленген. Археологтардың айтуынша, мұндай оюлар меровингтік саркофагтарда және сол кездегі христиандық ғибадат орындарында кең таралған. Басқа жерлердегі меровингтік саркофагтар кейде безендіріліп, бірнеше адамның сүйектерін сақтаған. Бірақ Корбейльдегі саркофагтардың көбі безендірілмеген және әрқайсысында тек бір адамның сүйектері болған. Ең көне қабірлердің жасы бұл аймақта ортағасырлық шіркеу салынғанға дейін адамдардың көптен бері жерленіп келгенін көрсетеді.
Скелеттер қазір зертханада талданатын болады. Археологтар жерленген адамдардың жынысы мен жасын анықтауға, сондай-ақ олардың өмір сүру жағдайлары, денсаулығы және тағамы туралы мәліметтер алуға үміттенеді. Археологтар бұл зират оларға антикалық дәуір мен ортағасырлық кезеңде осы аймақта өмір сүрген адамдар туралы және олардың жерлеу дәстүрлерінің уақыт өте келе қалай өзгергені туралы жақсырақ түсінік береді деп үміттенеді.
Назым МАЛИККЫЗЫ