Ақыл патшалығыӘлемБасты ақпаратҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарМүмкіндік

Үндістан: Адамдар мен жолбарыстар бірге өмір сүре ала ма?

Үндістандағы жолбарыстардың саны күннен күнге артып келеді. Елдегі халық саны мен урбанизацияның қарқынды өсуіне қарамастан, соңғы 20 жылда жабайы жолбарыстардың популяциясы 30%-ға көбейді. Бұл экожүйені қалпына келтіру, экономикалық бастамалар және саяси тұрақтылықтың нәтижесі. Сонымен қатар үнді халқының жолбарыстарға деген терең құрметі олармен бірге өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті, деп хабарлайды Орхусским университетінің ресми сайты. 

Қалай жыртқыш аңды қорғауға болады?

Жойылып кету қаупі бар жыртқышты қорғау оңай емес, әсіресе ол адам өміріне қауіп төндіретін жолбарыс болса. Үндістан бұл мәселені ерекше тәсілмен шешті: олар жолбарыстарға арналған қорықтарды сақтап қана қоймай, адамдар мен жыртқыштар бір кеңістікте өмір сүретін аймақтарды да дамытты. Мұндай стратегия жолбарыстар популяциясын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, қазіргі уақытта Үндістанда шамамен 3700 жабайы жолбарыс өмір сүреді. Бұл әлемдегі жабайы жолбарыстардың 75%-ын құрайды. Демек, халық тығыз қоныстанған елде де ірі жыртқыштарды қорғауға болады.

Жолбарыстарды қорғаудың екі стратегиясы

Үндістанның жолбарыстарды сақтау жоспары екі негізгі бағыттан тұрады: 1. Қатаң қорғалатын резерваттар – мұнда жолбарыстар адам араласуынсыз табиғи ортада өмір сүреді.
2. Аралас аймақтар – мұнда адамдар мен жолбарыстар бір кеңістікті бөліседі.
Бұл стратегия өз тиімділігін дәлелдеді. Орманды жерлерде орналасқан ауылдар мемлекеттік өтемақы жүйесі мен экотуризм арқылы табыс тауып отыр. Мысалы егер жолбарыс фермердің малын жесе, мемлекет оның шығынын өтейді. Осылайша, фермерлерге жолбарыстармен бейбіт өмір сүру тиімдірек бола бастады.
Зерттеулер көрсеткендей, жолбарыстар саны қарқынды өсіп жатқан аймақтардың ортақ белгілері мыналар:
• Жолбарыс қорықтарына жақын орналасуы
• Мол азық қоры және қолайлы тіршілік ортасының болуы.
• Тұрғындардың салыстырмалы түрде аз болуы
• Экономикалық жағдайының тұрақтылығы

Кедейлік пен қақтығыстардың кері әсері

Алайда жолбарыстар саны барлық жерде бірдей өспей отыр. Әсіресе, кедейлік деңгейі жоғары ауылдарда және қарулы қақтығыстар болған өңірлерде олардың популяциясы төмен.

«Бұрын орманнан азық жинау тұрақты болатын, бірақ қазір халық санының артуы мен жолбарыстардың мекен ету аумағының қысқаруына байланысты адам мен жыртқыш арасындағы қақтығыстар жиілеп кетті», – дейді Орхус университетінің доценті, зерттеу авторларының бірі Нинад Мунги.

Мысалы, Үндістанның Наксалит көтерілісінен зардап шеккен аймақтарында жолбарыстар саны айтарлықтай азайған. Себебі қақтығыстар салдарынан браконьерлік күшейіп, табиғи мекендеу ортасы жойылады.

Жолбарыстар адамдарға жиі шабуылдай ма?

Жолбарыстардың жақын маңда өмір сүруі қауіпті болып көрінуі мүмкін, алайда олар адамдарға сирек шабуыл жасайды. Статистика бойынша, Үндістанда жыл сайын жолбарыстар шамамен 100 адамды өлтіреді.
Егер жолбарыс адамның өміріне қауіп төндірсе, билік оны ұстап, қорыққа немесе хайуанаттар бағына жібереді. Сонымен қатар шабуылдан зардап шеккен отбасы мемлекеттен өтемақы алады.

Үндістанның тәжірибесінен әлем не үйрене алады?

Үндістанның жолбарыстарды сақтау моделі басқа елдер үшін де маңызды сабақ бола алады. Мысалы, Еуропада фермерлер қасқырлардың шабуылына жиі шағымданады. Үндістанның тәжірибесі жабайы табиғатты қорғау мен жергілікті халықтың мүдделерін үйлестірудің тиімді әдісін ұсынады.

«Қорғалатын аймақтар – өте маңызды, бірақ біз жыртқыштарды тек резерваттармен шектемей, адамдармен бірге өмір сүру мәдениетін дамытуымыз қажет. Үндістан дәл осы жолды таңдады», – дейді Нинад Мунги.

Бұл модель жолбарыстар мен адамдардың қатар өмір сүруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, экономикалық пайда да әкелуде. Ең бастысы, Үндістан тәжірибесі көрсеткендей, егер дұрыс стратегия қолданылса, ірі жыртқыштар адамзат өркениетімен қатар өмір сүре алады.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру