«Ата заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі. Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан барлық ауқымды өзгерістің мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту», — деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Конституция күнімен құттықтап, оның маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекеттік қызметшілер Конституция күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінде мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант қабылдау салтанаты өтті. Жаңа қызметкерлер ведомство басшылығы мен ұжымның алдында салтанатты жағдайда еліміздің Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, кәсіби міндеттерін атқаруға және мемлекет мүддесін қорғауға ант берді деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі сайты.
«Осыдан 29 жыл бұрын тәуелсіздігіміздің мызғымас іргетасы — еліміздің Ата заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, теңдігін қамтамасыз ете отырып, қоғамдық келісімнің негізіне айналды. Біздің басты мақсатымыз – бірлік пен ынтымақты нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау болып қала береді», — деді оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев салтанатты шарада.
Еске салатын болсақ, бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Содан кейін Ата заңымыз қайта 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Ал оған 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылдары өзгеріс пен түзетулер енгізілген.
Назым МАЛИККЫЗЫ