Антарктида мұздығы астынан ежелгі өзендер ағыстары қалыптастырған, бұрын-соңды зерттелмеген жазық ландшафттар табылды. Бұл жаңалық климаттың өзгеруі жағдайында жаһандық теңіз деңгейінің көтерілуін болжауда маңызды рөл атқаруы мүмкін, деп хабарлайды Ұлыбританиядағы Дарем университетінің географ-ғалымдары.
Ғалымдар Шығыс Антарктида жағалауындағы 3500 шақырымдық аумақта жасырынып жатқан жазық бедерлерді анықтады. Бұл жерлер бұдан шамамен 80 миллион жыл бұрын, Антарктида мен Аустралия ажырағаннан кейін, бірақ аймақ мұз қабатымен жабылмай тұрып, ежелгі өзендер әрекетімен пайда болған. Зерттеушілер бұл жазықтықтар қазір мұз астында жатқанымен, олардың үстіндегі мұз баяу қозғалады дейді. Бұл — Антарктидадағы мұз жоғалту үдерісінің жылдамдығын тежейтін табиғи кедергілер болуы мүмкін.
Ғалымдардың айтуынша, егер Шығыс Антарктида толығымен еріп кетсе, жер бетіндегі теңіз деңгейі 52 метрге дейін көтерілуі ықтимал. Сондықтан табылған жазық жерлерді мұздықтардың болашақтағы өзгерісін модельдеуге қосу — климаттық болжамдардың нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Дарем университетінің зерттеушісі, доктор Гай Паксман былай дейді:
«Бұл жазық ландшафттар — тек Жерде ғана емес, бүкіл Күн жүйесіндегі ең жұмбақ геологиялық құрылымдардың бірі. Олар соңғы 30 миллион жыл бойы өзгеріссіз сақталған, бұл Шығыс Антарктиданың кей бөліктері мұзбен жабылғанымен, ландшафтты мүлде бұзбағанын көрсетеді».
Бұл аумақтар Антарктида мұздық тарихында селективті эрозия әсеріне аз ұшырағанын білдіреді. Ғалымдар алдағы уақытта осы жазық беттердің астынан жыныс үлгілерін бұрғылап алу арқылы олардың мұзсыз кезеңдерін нақтылап, климаттық модельдерге енгізуді жоспарлап отыр.
Ньюкасл университетінің профессоры Нил Росс бұл жаңалыққа қатысты:
«Біз бұл жазық беттердің болмысын ұзақ жылдар бойы түсінбей келдік. Енді олардың пайда болу тарихы мен мұз ағынын қалай реттеп отырғаны айқындала бастады», — деді.
Ғалымдар болашақта бұл аймақтың жылынуға қалай жауап беретініне қатысты әлдеқайда нақты болжау жасауға мүмкіндік туатынына сенімді.