Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында NEET санатындағы жастар арасында киберспорттан өткен турнир мәресіне жетті. Social project management орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа «Саламат», «Қазына», «Алтын орда», «Сарыарқа»«Өжет» және тағы басқа базарлардан 30-дан астам ойыншы қатысты. Real компьютерлік клубында өткен турнирге киберспорттан бірнеше чемпионаттардың жеңімпазы болған Бірім Аманов төрелік жасады.
Киберспорттың түрі көп екені белгілі. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың ұйғарымымен турнир ойыны ретінде киберспорттың FIFA 25 нұсқасы таңдалды. Ойыншылар өздеріне ұнайтын командаларды иемденіп, сол арқылы компьютер экранында ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар футбол командалары ретінде «Манчестер Сити», «Бавария», «Галатасарай», «Интер Майами», «Челси» сияқты үздік клубтарды таңдап, өздері «тізгіндеген» осы клубтар арқылы бір бірімен жарысты. Жарыстың тартыс болғаны соншалық – тұтқаны қос қолдарына мығым ұстаған ойыншылар алдарындағы экраннан көз алмады. Гол соққан сәтте қуанып сергіп қалған қатысушылар да, «қап әттеген-ай» деп сан соғып қалғандар да болды. Ең бастысы жеңілгендер жеңгендерді мойындап, жеңгендер жеңілгендерді арқадан қағып жұбатып жатты.
Жарысқа қатысушылардың бірі Нұрхат Сармулдин турнир кезінде былай деп өз ойын білдірді. «Бір жылдары киберспортты құмар ойындар қатарына жатқызатынмын. Бұл ойым қате екенін кейін білдім. Киберспорттың олимпиадалық ойындар тізімінде екенін естігенімде алғашында сенбедім. Анық көзім жеткен соң осы спорттың ізіне түсіп, ойын дағдымды жетілдіріп келемін. Киберспорт адамды шапшаңдыққа, аңғарымпаздыққа, алғырлыққа баулиды екен. Мұқият болмасаң аяқ астынан мүлт кетесің» дейді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды “Алтын орда” базарынан келген Самарбек Жәнібек иеленіп, 250 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. 2-орын “Алтын орда” базарының тағы бір ойыншысы Мұстафа Әбдірасылға бұйырып, 150 мың теңгенің сертификатын еншіледі. “Өжет” базарының ойыншысы Нұрлан Ілияс пен “Қазына” базарының намысын қорғаған Ринат Алибеков 3-орынды өзара бөлісіп, әрқайсысы 50 мың теңгеден олжалады.Жеңімпаздарға сертификаттар мен медаль, кубоктарды турнирдің құрметті қонағы – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Талғар аудандық филиалының директоры Айдос Қалжанов табыс етті.
Айта кетейік, бұған дейін «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында Алматы қаласындағы базар жастары арасында шағын футболдан, үстел теннисінен турнирлер өткен болатын. Бүгінгі киберспорт жарысы осы жоба аясында өткен үшінші турнир. Алдағы уақытта волейболдан, баскетболдан турнирлер өткізу жоспарланып отыр.