№93 мектеп-лицейіндегі «Атамекен» этнолагері жайлы ойтолғам
Астана төріндегі №93 мектеп-лицейінде биылғы жаз ерекше бір мәнмен басталды. Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі тәрбиелік мағынаға толы ету мақсатында ұйымдастырылған лагерь — жай ғана ойын мен тынығу орны емес, ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиенің алтын ұясына айналып отыр. Әсіресе «Атамекен» этнолагерінің жұмысы жұрт назарын аударып, жүрекке жылулық, санаға сәуле сыйлады.
Атамекен – ата жолының ізімен…
Бүгінгі жаһандану дәуірінде балаларды қазақы болмыс пен рухани дүниеге жетелейтін, оларды өзінің тамырына қарай бастайтын осындай бастамалар ауадай қажет. №93 мектеп-лицейінің директоры Бексұлтан Полатбекұлының бастамасымен қолға алынған «Атамекен» этнолагері — жас ұрпақты ата дәстүрімен табыстыратын ерекше кеңістікке айналды.
Мұнда әрбір күн — тәрбиелік мәнге толы. Балалар асық ойнап, арқан тартып, киіз басып, құрақ көрпе тігеді. Шашу шашып, бата беруді үйреніп, бауырсақ пен құрт дайындайды. Бұл — жай ғана тұрмыстық іс емес, бұл — ұлттық жадтың жаңғыруы, тамырмен қайта табысу. Қыш құмыра илеп, құммен сурет салып, табиғат аясында қиялын бейнелеген баланың бойынан қазақы дүниетаным мен эстетика өріс алып жатқанын байқалады.
Мектеп пен ата-ана — бір сапта
Биылғы лагердің тағы бір жаңалығы — ата-аналармен бірлескен күндердің енгізілуі. Бұл — өте орынды, әрі уақыт талабынан туған қадам. Балалармен бірге ата-аналардың ұлттық ойындарға, шығармашылық шараларға қатысуы – ұрпақ тәрбиесіне ортақ жауапкершілікпен қараудың көрінісі. Ұлттық тәрбие отбасынан басталады және мектеппен ұштасқанда ғана жемісті болады. Міне, осы ұстаным лагерьдің тыныс-тіршілігінен көрініс табуда.
Балаларға жазда демалыс керек-ақ. Бірақ бұл демалыс тек ермек пен ойынға ғана құрылса, онда баланың уақыты босқа өтіп кетуі мүмкін. Ал «Атамекен» секілді этнолагерь — уақытты тиімді пайдаланып қана қоймай, баланың жан-дүниесін тәрбиелеуге бағытталған игі іс. Бұл – ұлттық болмыс қалыптастыратын орта.
Бір кездері ауылдағы әжелеріміз бен аталарымыз баланың санасына ұлттық ділді – әңгімемен, ісімен, өнегесімен сіңіретін. Ал бүгінде ондай мүмкіндік азайып бара жатқанда, мектептің мұндай бастамасы – өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір секілді.
«Атамекен» этнолагері – №93 мектеп-лицейінің ғана емес, тұтас ұлттық білім беру саласының үлгі етерлік жобасы. Ұстаздар мен ата-аналар тізе қосып, жас ұрпаққа ұлттық рухты, салт-сананы, адамгершілік пен еңбекке баулудың жарқын мысалын көрсетіп отыр. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры. Ал ұлттың болашағы – осындай тағылымды істермен нұрланып, жарқын болары анық!