ӘлемҒылым қорыҒылым тарихыҒылыми мақалаларЖаңалықтарЖерЖүзден жүйрік...МүмкіндікТехнология

Әлемдегі ең үлкен жерасты көлі табылды

Ғалымдар әлемдегі ең ірі жерасты термалды көлін Албанияның оңтүстігіндегі үңгірден тапты. Бұл жаңалық 2024 жылы заманауи 3D-сканерлердің көмегімен жүргізілген жаңа экспедиция нәтижесінде расталды. Ашылуды алғаш рет төрт жыл бұрын чехиялық зерттеушілер жасаған болатын, бірақ сол кезде көлдің нақты өлшемдерін анықтауға қажетті құралдары болмаған, деп хабарлады Neuron Foundation қорының мәлімдемесінде.

Енді ғалымдар көлге қайта оралып, оның көлемін нақтылап, ғылымға белгілі ең үлкен жерасты термалды көлі екенін растады. Олар соңғы экспедицияны қаржыландырған қордың құрметіне көлге «Нейрон» деген атау берді. Көлдің ұзындығы 138 метр, ал ені 42 метр.

«Чех ғылымының бұл ерекше жаңалықты бүкіл әлемге таныстыруы үшін бізге нақты өлшеулер жүргізу қажет болды», – дейді Зерттеу жетекшісі Марек Оди.

Оди бастаған зерттеушілер тобы көлді алғаш рет Албания мен Грекия арасындағы шекаралас аймақта анықтаған. Бұл өңір саяси тұрақсыздыққа байланысты ұзақ уақыт бойы зерттеуге жабық болған. Команда Албанияның Лесковик қаласы маңындағы тау сілемдерін зерттеу кезінде жерден көтеріліп жатқан алып бу бағанасын байқайды. Жақындап қарағанда, оның 100 метр тереңдіктегі жарықтан шығып жатқанын аңғарған. Ғалымдар жерасты үңгіріне түсіп, бірнеше термалды бұлақтарды және алып көл орналасқан жерасты камерасын анықтады. Чехиялық фотограф және экспедиция мүшесі Ричард Боуда Euronews басылымына берген сұхбатында: «Алғашқы зерттеу кезінде біз көлдің картасын сыздық. Сол сәтте-ақ, ерекше бір нәрсеге тап болғанымызды түсіндік», – дейді.
2023 жылы Neuron Foundation қорының қолдауымен зерттеушілер көлге қайта оралып, лидар сканерін (лазерлік қашықтық өлшеу құрылғысы) пайдаланып, оның егжей-тегжейлі 3D моделін жасады. Зерттеу нәтижелері көлдің су көлемі 8335 текше метр, яғни 3,5 олимпиадалық бассейнге тең екенін көрсетті.

Марек Оди National Geographic CZ басылымына берген сұхбатында:

«Бұл жаңалық жерасты экожүйелері мен геологиялық процестерді зерттеуге зор ықпал етуі мүмкін. Біз үңгірдің басқа бөліктерін де зерттеп, осы аймақтың геологиясы мен биологиясы туралы көбірек білгіміз келеді», – деді.

Бұған дейін де осындай көлдер табылған  

Бұл табиғи құбылыс ғылымда алғаш рет кездесіп отырған жоқ. 2008 жылы Reuters агенттігі Венгрияда дәл осындай, бірақ кіші көлемдегі жерасты термалды көлі табылғанын хабарлаған. Будапешт қаласындағы түрік моншаларының астынан анықталған бұл көл сол кезде ең ірі жерасты термалды су қоймасы болып саналған.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру