Жаңалықтар

“ASSYLTAS” ҚҚ-ның демеушілігімен жарық көрген “Ділмарлар дүбірі” атты кітаптың таныстырылымы өтті

Абай атындағы республикалық мектеп-интернатында “Ділмар” шешендік өнер үйірмесінің 5 жылдығына сый ретінде “ASSYLTAS“ қоғамдық қорының демеушілігімен жарық көрген “Ділмарлар дүбірі” кітабының таныстырылымы өтті.

“Ұлтын сүйген ұрпақ” әдеби-сазды мерейтойлық кеші аясында оқушылар кітапқа енген шығармаларын жатқа оқып жұрт көңілінен шықты. Әсіресе түрлі сапарда жазылған жолжазбалар, ой-толғаулар, өлеңдер және оқушылардың өздері шығарған қанатты, нақыл сөздері жас қаламгерлердің биік өресі, шабытты шығармашылық қуаты, ұлттық құндылықты ұлықтайтын саналы тұлға болып өсіп келе жатқанын анық аңғартты.

Жігерлі жастардың жарқын сәтіне танымал тұлғалар, әдебиет-өнер саласының майталмандыры, зерттеушілер мен зиялы қауым, еліміздің 12 облысы мен 3 қаласынан VI республикалық “Ділмар” шешендік өнер байқауына келген мұғалімдер мен оқушылар куә болып шабыттанып ізгі тілектерін айтты.

Белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлы, ақын, ұлт жанащыры Кәмнұр Тәлімұлы, Абай мектебінің бұрынғы директоры Мұхтар Ботабайұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс,
Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұржан Жанпейіс, “Ұшқан ұя” түлектер қауымдастығы, қор директоры Рауан Оқас, т.б қонақтар сәлелі сәттің куәгері болды.

Бұл осы қордың “Ділмар” үйірмесі мүшелерінің шығармашылығын қолдау бағытында екінші рет демеушілік жасаған кітабы. Бұған дейін ”Дарынның ділмарлары” кітабы арқылы оқушылар шығармашылығы оқырманға насихатталған еді. Осы арқылы жас қаламгерлерді қолдау, шабыттандыру және дамуына бағыт беру жүйелі түрде іске асуда.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру