Басты ақпаратЖаңалықтар

ТЕРЕҢ ҰЙҚЫ МИДЫ ТАЗАЛАЙДЫ

Жақсы ұйқы тек өзіңізді сергек сезінуге көмектесіп қана қоймайды – ол сіздің миыңызды сөзбе-сөз тазарта алады. Cell Press журналда жарияланған жаңа зерттеуі терең ұйқының сергектік кезінде мида жиналған қалдықтарды қалай тазартатынын көрсетті. Бұл процесс ми денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері ұйықтататын дәрілердің «ми жуу» жүйесіне қалай әсер ететінін және оның ұзақ мерзімді когнитивтік функцияларға ықтимал зиянын түсінуге көмектеседі.

Дат ғалымдары норадреналин деп аталатын молекуланың тышқандар миын тазартуда маңызды рөл атқаратынын анықтады. Терең ұйқы кезінде ми бағанасы шамамен әр 50 секунд сайын норадреналин толқындарын бөледі. Бұл молекула қан тамырларын қысқартып, баяу ырғақты тербелістер тудырады, нәтижесінде сұйықтық ағыны қалдықтарды жояды.

«Бұл түнде ыдыс жуғышты қосып, таңертең таза ыдыстарды көру сияқты. Біз бұл процесті не қозғайтынын және глимфатикалық тазарту арқылы ұйқының қалпына келтіретін әсерін анықтауға тырысамыз», – дейді зерттеу жетекшісі, профессоры Майкен Недергаард.

Зерттеушілер тышқандардың миы ұйқыға кеткен кезде не болатынын зерттеді. Олар норадреналин мен қан ағымының терең ұйқы кезіндегі байланысына назар аударды. Ғалымдар норадреналин толқындарының мидағы қан көлемінің өзгерістерімен байланысты екенін анықтады. Бұл норадреналиннің тамырлардағы ырғақты қозғалыстарды тудыратынын көрсетті. Содан кейін ғалымдар қан көлемінің өзгерістері мен мидағы сұйықтық ағынын салыстырды. Олар ми сұйықтығының ағыны қан көлемінің өзгеруіне сәйкес келетінін байқады. Бұл қан тамырларының мидың айналасындағы сұйықтықты қалдықтарды жою үшін айдайтынын көрсетті.

Сондай-ақ, зертеу авторы Натили Хауглунд барлық ұйқының бірдей бола ма деген сұрақ қойды. Мұны анықтау үшін зерттеушілер тышқандарға золпидем деп аталатын ұйықтататын дәрі берді. Олар золпидем қабылдаған тышқандарда норадреналин толқындарының табиғи ұйқыға қарағанда 50%-ға төмен болғанын анықтады. Ұйықтататын дәрі тышқандарды тез ұйықтатқанына қарамастан, ми сұйықтығының тасымалы 30%-дан астамға азайды. Бұл дәрілер норадреналиннің әсерінен болатын қалдықтарды жою процесін бұзуы мүмкін екенін көрсетеді.

«Көптеген адамдар ұйықтататын дәрілерді жиі қолданады, бірақ мұндай ұйқының қаншалықты пайдалы екенін түсіну өте маңызды. Егер адамдар ұйқының органимзге керекті дәрумендерді ала алмаса, дәрінің орнына басқа шешім қабылдауы керек», – деді Хауглунд.

Зерттеу нәтижелері адамдарға да қатысты болуы мүмкін, өйткені олардың да глимфатикалық жүйесі бар. Дегенмен бұл гипотеза қосымша тексеруді қажет етеді. Ғалымдар адамдарда да норадреналин толқындарын, қан ағымы үлгілерін және ми сұйықтығының ағынын байқады. Бұл нәтижелер сапасыз ұйқының Альцгеймер ауруы сияқты неврологиялық бұзылуларға қалай ықпал ететінін түсінуге мүмкіндік береді.
«Енді норадреналиннің миды тазартуға әсерін білетін болсақ, біз адамдардың ұзақ әрі қалпына келтіретін ұйқы алу жолдарын зерттей аламыз», – деп түйіндеді Недергаард.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру