Абай: «Ғылым-Алланың бір сипаты,ол хакиқат,оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр»,-дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде. Ойшыл Мәшһүр Жүсіп “Не нәрсе парыз болса, ғылым парыз, Ғылым білсең, өтелер қанша қарыз” дейді. Ал бәрімізге парыз болған ғылымның жоғары оқу орындарындағы әлеуеті қандай? Бағамдап көрелік.
Межеге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін алайық. Онда жастарды ғылымға баулу бағытында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Университет ұжымы қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауын ұйымдастырып отырса, студенттердің ғылыми қоғамы студент жастардың арасында түрлі ғылыми конференциялар өткізуде. Олар жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» конкурсында да топ жарып келеді. Аталған игі шаралардың басты мақсаты — жастардың ғылым қызығушылығын арттыру, ғылымға баулу, кәсіби ғалымдарды даярлау. Ғалымдарды даярлау демекші, университетте PHD доктарантураға түскендерді академиялық жазу және ғылыми зерттеудің әдістері пәндерін өту арқылы, ғылымның барлық кезеңдерін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, ғылыми мақала мен докторлық диссертация жазуға дағдыландырады.
Академик Қаныш Сәтбаев «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады»,-деген екен.
Ал ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы не дейді?
Надандық жаман ғой,
Оқыған – адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.
Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң, емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.
Немесе:
Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультетінің 1-курс докторанты Ш.А.Умбетаев,
PhD, доцент м.а. Н. А. Утемгалиева,
ф.ғ.д., профессор Р.А. Авакова