Оқу орнының қазақ халқының тарихындағы алатын орны да ерекше. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.
ҚазҰУ — сыйластық пен шынайы достықтың мекені, өте ауқымды білім ордасы. ҚазҰУ — талантты және дарынды жастардың басын қосатын құтты мекен. ҚазҰУ — студенттердің тұлғалық дамуына зор әсерін тигізетін, жан жақты қабілеттерін ашатын мүмкіндіктер мекені. Мұнда оқуға түскен студент өзін барлық жағынан дамытуға толық жағдай жасалған. Университет аумағында: Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, ғылыми кітапхана, интернет орталығы, спорт кешені мен стадион, сондай-ақ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы орналасқан. Сонымен қатар, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының қоғамдық бірлестігі, «Студенттер кеңесі», «Студенттер сенаты», «Көмек ұйымы», «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы» сынды түрлі ұйымдар бар. Ал ұстаздарын айтсаңызшы…
«Ұстаз деген – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген ғибратты сөз Пазылбек Қуанбайұлына арналып айтылған сияқты. Қашан да шәкірттерінен ыстық ықыласын аямаған ғалым-ұстаз әдебиет әлемінде әріптестерінің де құрметіне бөленген білікті маман. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев — мен секілді мыңдаған шәкірттердің ризашылығын алған мұғалім. Бұл кісілердің аудиторияға алғаш кірген сәті әлі есімде. Ұстаз өзін таныстырып, бізбен танысып, бұрыннан жақын жандардай әңгімелесті. Көп ұзамай лекция басталды. Сол кезден бастап ғылымның не екенін, ғалымның қандай болатынын анық білдім.
Ұзын сөздің қысқасы, ҚазҰУ-да көптеген әлемге әйгілі жоғары технологиялық корпорациялардың ғылыми білім беру орталықтары жұмыс істеп келеді. Яғни «идеяны генерациялаудан бастап, оны коммерцияландыруға дейінгі» толыққанды ғылыми-технологиялық үрдісі құрылды. Оны тиімді пайдалану – ҚазҰУ-ға бес жыл ішінде ғылыми жобалар көлемін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Қазақстандағы жоғары оқу орны арасында халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланған әрбір бесінші мақала – ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Мен өз оқу орныммен мақтанамын.
Тойбазар Аяжан Мұхтарқызы, PhD І-курс студенті,
Утемгалиева Насихат Адайхановна,
PhD, доцент м.а.
Авакова Раушан Амирдинқызы
филология ғылымының докторы, профессор.