Жаңалықтар

ҚазҰУ — ғылымның даңғыл жолы

 

Әл-Фараби бабамыздың атын ардақтаған ұлттық университетте әлемге сөз дарытқан Әуезовтен жал­ғасқан, қара сөздің құлагері Қабдоловқа ұласқан оқу орнында әрбір жас өндіре еңбек етіп, өнімін жас толқынның көңіл қырманына құюмен болды.

Сондықтан мен де әдебиеттану мамандығын таңдадым. Мұндағы әдебиеттанушылар әдебиеттану ғылымына тыңғылықты дайындықпен, әдеби-біліми ыждағаттылықпен, сөз парасын түсінген парасатпен, ұлы ұстаз – Мұхтар Әуезовтің: «шын сын болсын, сын шын болсын» деген ұстанымына ат байлаумен, «Әдебиет – ардың ісі» деген Қабдолов қағидасына қазық қағумен келді. Көркем прозаның көрікті дүние­сін оқырман мен әдеби қауымның назарына ұсынып, қазақ прозасындағы көр­кемдік шешім мен тарихи танымның ара жігіне алтын көпір салып, жазушы тілінің тоғыз ерекшелігін тап басып айтып, әсіресе шағын жанр – әңгі­мелердегі терең психологиялық ағыс­тар мен философиялық ой орамдарын аша отырып, қазақ прозасының жеткен биігін түгендеп шықты. Әдебиет сынына , әдебиеттану саласына келген адамға қандай қасиет лайық? Ең алдымен, әдеби жүктің толық болуы.

Сонан кейін көңіл таразасында көлеңкелі ойдың болмауы. Әдеби әділдіктің сақталуы. Талдап отырған тақырыпты игерудегі дайындық. Айтар ой мен білдірер пікірдің сонылығы мен жаңалығы. Қоғамдық-әлеуметтік ойдың туындыдағы оқырман көңілінен шығуына жауапкершілік. Тілдік байлық, толғаулы тіркес, шынайы ашықтық. Біреудің қабағына, біреудің табағына қарамайтын туралық. Сын туралы сын көп болады, соған моральдік тұрғыдан дайын болу. Ғылыми тұжырым мен авторлық ремарканың айқындығы. Сөз та­нудағы санаткерлік. Ой өрудегі қалам­герлік. Ізденіс және ізденіс.

ҚазҰУ — «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп ұлы ақын Мұқағали жазғандай, мектеп бітіре сала, бұғанасы енді қата бастаған мен секілді мыңдаған бозбаланың қысыла келіп, үлкен өмір жолынан өтіп, сан атақты қанжығасына байлап, ағаға іні, ініге аға, жас толқынға тәлімгер, әдеби-ғылыми өмірге мәлімгер етті. Мен де шығарма мен шын­дықтың, дәстүр мен көркемдіктің ара жігін алшақтатпай, қайта жымдастыра өріп, әдеби жетістіктің себеп-салдарын ашып, талғам таразысы тұрғысынан әділ билік айтқым келеді.

Зиядибеков Нұрасыл Дәулетбекұлы, PhD І-курс студенті,

Утемгалиева Насихат Адайхановна,
PhD, доцент м.а.
Авакова Раушан Амирдинқызы
филология ғылымының докторы, профессор.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру