АҚШ пен Швейцариядан келген ғалымдар ауыз судағы хлорланған суда бұрын белгісіз болған қосылысты анықтағанын хабарлады. Ауыз суды дезинфекциялау үшін қолданылатын бейорганикалық хлораминдер халықты холера мен іш сүзегі сияқты аурулардан қорғау мақсатында пайдаланылады. Сарапшылардың бағалауынша, тек АҚШ-тың өзінде 113 миллионнан астам адам хлораминделген су ішеді, деп хабарлайды Арканзас университеті ғалымдары.
Енді ғалымдар бейорганикалық хлораминнің ыдырау нәтижесінде түзілетін соңғы өнімі ретінде хлоронитрамид анионын (химиялық формуласы Cl-N-NO2−) анықтады. Бұл қосылыстың уыттылығы (токсикологиясы) қазіргі уақытта белгісіз болғанымен, оның кең таралуы мен басқа улы қосылыстарға ұқсастығы алаңдаушылық тудырып, халық денсаулығына қауіптілігін зерттеуді қажет етеді. Қосылысты анықтау – зерттеушілер үшін үлкен сынақ пен жетістік болды. Арканзас университетінің құрылыс кафедрасының доценті Джулиан Фэйри бұл қосылыс туралы ондаған жылдар бойы білгенін, бірақ оны анықтай алмағанын айтты. Ол бұл жұмбақты шешуді 10 жыл бұрын бастағанын Scienes журналына берген сұхбатында айтты.
«Бұл төмен молекулалық массасы бар өте тұрақты химиялық зат. Мұндай химиялық затты табу өте қиын. Ең қиыны – қосылысты анықтау және бұл дәл сол құрылым екенін дәлелдеу болды», – дейді Фэйри.
Бұл зерттеу оның зертханасында қосылысты синтездеу мүмкіндігін қамтыды, бұл бұрын ешқашан жасалмаған еді. Кейінірек үлгілерді әріптесі ETH Цюрих университетінің докторанты Джулиана Лашаковицке жіберген. Бұл жаңа қосылысқа қатысты денсаулыққа қауіптіліктің бар-жоғы туралы сұрақтар туындауы сөзсіз. Бұрын бұл қосылыстың уыттылығына қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Фэйри ауыз суды дезинфекциялауға арналған химиялық заттарды зерттей отырып, былай деді:
«Ауыз суды дезинфекциялаған кезде белгілі бір дәрежеде уыттылық пайда болатыны белгілі. Бұл – созылмалы уыттылық. Шындығында, бірнеше ондаған жылдар ішінде белгілі бір адамдар тобы ауыз судан қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін. Бірақ біз бұл уыттылықтың пайда болуына қандай химиялық заттар жауапты екенін анықтамадық. Біздің жұмысымыздың мақсаты – сол химиялық заттар мен олардың түзілу жолдарын анықтау».
Бұл қосылысты анықтау осы үдерістегі маңызды қадам болып табылады. Хлоронитрамид анионының қатерлі ісікке немесе басқа денсаулыққа зиянды әсерлерге байланысы бар ма, жоқ па, оны болашақ зерттеулер мен АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі сияқты реттеуші органдар анықтайтын болады. Ең болмағанда, бұл қосылыстың уыттылығын зерттеуге енді жол ашылды.