Фотосурет «SCIENCE ADVANCES» сайтынан алынған
«Science Advances» сайтынан алынған ақпаратқа сәйкес Австралия ұлттық университетінің (ANU) ғалымдары Жердің сұйық ядросында мыңдаған шақырым тереңдікте орналасқан тоқаш тәрізді аймақты анықтады. Сонымен қатар оның планетамыздың магниттік өрісінің динамикасы туралы жаңа ғылыми түсініктің пайда болуына себеп болды.
ANU сейсмологтарының пікірінше, бұл аймақ бұған дейін байқалмаған. Аслында Жер екі негізгі қабаттан тұрады: ішкі ядро – қатты қабат, және сыртқы ядро – сұйық қабат. Жер ядросын мантия қоршайды. Жақында табылған тоқаш тәрізді аймақ Жердің сұйық сыртқы ядросының мантиямен түйісетін жерде орналасқан.
Жоба авторы, ANU геофизигі, профессор Хрвое Ткалчичтің Science X ке берген хабарламасында, «Сейсмикалық толқындар жаңадан табылған аймақта, сұйық сыртқы ядроның басқа бөліктеріне қарағанда, баяу өтеді. Аймақ экватор жазықтығына параллель орналасқан, төмен ендіктермен шектелген және тоқаш тәрізді. Біз бұл аймақтың нақты қалыңдығын білмейміз, бірақ оның ядро мен мантия шекарасынан бірнеше жүздеген шақырым тереңдікте орналасқанын анықтадық», — деді зерттеуші профессор.
«Ерекше құрылым осы уақытқа дейін жасырын болып келді, өйткені алдыңғы зерттеулер үлкен жер сілкіністері басталғаннан кейінгі бір сағат ішінде толқындарды бақылау арқылы сыртқы ядроның көлемі жайында аз деректер ғана ала алдық. Бұл жолы үлкен жер сілкінісінен кейін толқындардың бірнеше сағат бойы жаңғырығын зерттей отырып, әлдеқайда көлемді дәйектерге қол жеткіздік».
Зерттеуші, доктор Сяолун Ма бұл ашылым Жердің магнит өрісі динамикасының кейбір құпияларын ашады деп мәлімдеді.
«Әлі де Жердің сыртқы ядросы туралы ашылмаған құпиялар бар. Бұл сейсмология, минералдық физика, геомагнетизм және геодинамика салаларын біріктіретін пәнаралық күш-жігерді қажет етеді», — деді доктор Ма.
Сыртқы ядро негізінен сұйық темір мен никельден тұрады, ал электр өткізгіш сұйықтықтың қарқынды қозғалысы Жердің магниттік өрісін тудырады, ол Жерді қорғап, оны бүлдіргіш күн желдерінен және зиянды сәулеленуден сақтап, тіршілікті сақтауға көмектеседі.
«Магниттік өріс – бұл біздің планетамыздың өмірін сақтау үшін
қажет негізгі құрал. Жердің магниттік өрісінің динамикасы ғылыми қауымдастық үшін үлкен қызығушылық тудыратын сала. Сондықтан біздің нәтижелеріміз Жерде де, басқа планеталарда да магниттік өрісті зерттеуге ықпал етуі мүмкін», деді жоба авторы.
Назым МАЛИККЫЗЫ