ӘлемБілімҒажап-LiveҒалым мінберіҒылыми мақалаларЖерИнновацияТехнология

Чат-бот көмегімен химиялық симуляция жаса

Эмори университетінің ғалымдары кез келген адамға есептеуіш химия әлеміне енуге мүмкіндік беретін жаңа құралды ұсынды. AutoSolvateWeb – молекулаларды ерітіндіде модельдейтін, қолданушыға чат арқылы бағыт-бағдар беретін алғашқы веб-платформа.

Есептеуіш химия саласы дәстүрлі түрде тек теориялық химиктерге арналған еді. Себебі молекулалық модельдеулерді жүргізу үшін күрделі бағдарламалар мен көпқадамды кодтар қажет болатын. Бірақ AutoSolvateWeb бұл процесті айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Енді молекуланы таңдап, еріткішті көрсетіп, симуляцияны бастау үшін тек чатта бірнеше сұраққа жауап беру жеткілікті.

Чат-бот арқылы ғылымға қадам

Жаңа платформада қолданушы мысалы, «кофеин» молекуласын таңдап, оны «суда» ерітуді қаласа, чат-бот қажетті деректерді PubChem базасынан автоматты түрде алып, бүкіл симуляцияны өзі орнатады. Ал соңында суперкомпьютердің көмегімен 3D-визуализацияланған файл жасалып, қолданушы оны жүктей алады.

«Бұл микроскоппен қарағандай әсер береді – молекулалар қалай әрекеттесетінін көзбен көруге болады», – дейді жобаның жетекшісі, доцент Фан Лю.

AutoSolvateWeb – тек зерттеушілерге емес, білім алушыларға да арналған құрал. Платформа химияны оқытудың тәсілін түбегейлі өзгертпек. Студенттер өз бетінше модельдеу жасап, күрделі процестерді тек теорияда емес, нақты көрініс арқылы түсіне алады.

Ғылымды демократияландыру жолында

Ғалымдардың айтуынша, мұндай ашық құралдар ірі дерекқорлар құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жасанды интеллектті қолдану арқылы жаңалық ашу мүмкіндігін арттырады. Энергетика, фармацевтика және экология секілді салаларда молекулалар қалай әрекет етеді – AutoSolvateWeb соны алдын ала болжауға жол ашады.
Қазір платформа органикалық молекулалармен жұмыс істеуге бағытталған. Алдағы уақытта ғалымдар оның мүмкіндігін кеңейтуді, және деректерді еркін бөлісу жүйесін дамытуды жоспарлап отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру