Бұл жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылуда.
«Жастар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар» — жастардың психикалық саулығын сақтау мен зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған маңызды бастама.
⸻
Жобаның мақсаты мен міндеттері:
• Жастар арасында цифрлық сауаттылықты арттыру;
• Интернетте қауіпсіз әрі саналы әрекет ету дағдыларын қалыптастыру;
• Интернетке тәуелділік, құмар ойындарға әуестік және кибербуллингтің алдын алу;
• Жастардың психикалық және эмоционалдық денсаулығын сақтау;
• Киберволонтерлер қауымдастығын құрып, қолдаушы ақпараттық орта қалыптастыру;
• Қоғам назарын цифрлық кеңістіктегі өзекті мәселелерге аудару.
⸻
Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар:
Қазіргі таңда жоба аясында 9 колледж және 4 жоғары оқу орнында «Off-Line және On-Line» мен «ReStart» тақырыптарында кездесулер өтті. Жалпы 15 кездесу ұйымдастырылып, 600-ден астам жас қамтылды. Жобада барлығы 20 кездесу өткізу жоспарланған.
Іс-шаралар барысында ақпараттық сессиялар, психологиялық тренингтер мен ашық диалогтар өткізіледі. Өз өмірінде қиын кезеңдерден өткен спикерлер жастармен тәжірибе бөлісіп, зиянды тәуелділіктерден арылудың жолдарын ұсынады.
⸻
Негізгі бағыттар мен іс-шаралар:
• Курстар – киберқауіпсіздік, құмар ойындардан сақтану және кибербуллингтен қорғану бойынша онлайн материалдардан тұратын курс ұйымдастырылады. Қатысушыларға сертификат беріледі.
• Подкастар – интернет кеңістігінде кибербуллингке ұшыраған танымал тұлғалардың қатысуымен. Олар өз тәжірибесін бөлісіп, жастарға үлгі бола алады.
• «Internet Free Day» фестивалі – кең таралған онлайн ойындар (CS:GO, Angry Birds, PUBG т.б.) оффлайн турнир ретінде өткізіліп, жүлделер табысталады.
• Қысқаметражды фильмдер байқауы – «Интернетке тәуелділік», «Кибербуллинг», «Құмар ойындар», «Интернеттің балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке әсері» тақырыптарында өткізіледі.
⸻
Күтілетін нәтижелер:
1. Цифрлық сауаттылықтың артуы
1000-нан астам жас киберқауіпсіздік, ойынға тәуелділіктің және кибербуллингтің алдын алу бойынша білім алады.
2. Зиянды интернет-әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру
Қатысушылар интернет пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға арналған нақты тәсілдерді үйренеді.
3. Қауіпсіз әрі қолдаушы орта құру
Фестивальдер, подкастар мен ашық диалогтар арқылы жастар психологиялық қолдау мен ақпарат алмасатын ортаға бірігеді.
4. Қоғам назарын өзекті мәселелерге аудару
Фестиваль, подкастар мен фильмдер байқауы арқылы бұл тақырыптар кеңінен жарияланып, қоғамның назары артады.
5. Жастардың өзін-өзі реттеу және сыни ойлау қабілетін дамыту
Тренингтер мен интерактивті форматтар арқылы жастар интернетке деген көзқарасын өзгертіп, тәуекелдерді тани бастайды.
6. Белсенді киберволонтерлер базасын қалыптастыру
Жоба нәтижесінде қауіпсіз цифрлық мәдениетті насихаттап, қатарластарына көмектесетін жастар қауымдастығы құрылады