Фотосурет: Getty Images
Біз миымыздың оның ішінде ми жасушаларының есте сақтау қабілеті бар екенін білеміз. Алайда ғалымдар дененің басқа бөліктеріндегі жасушалар да есте сақтау қабілетіне ие екенін анықтап, жадымыздың қалай жұмыс істейтіні туралы түсінігімізді кеңейтудің және оқытуды жақсарту, есте сақтауға қатысты ауруларды емдеудің жаңа жолдарын ашты.
«Оқу мен есте сақтау әдетте тек ми мен ми жасушаларына байланысты деп есептеледі, бірақ біздің зерттеуіміз басқа дене жасушаларының да үйреніп, естеліктер қалыптастыра алатынын көрсетеді», – деп түсіндірді зерттеу жетекшісі, Нью-Йорк университетінің ғалымы Николай В. Кукушкин. Бұл зерттеу Nature Communications журналында жарық көрді.
Зерттеудің мақсаты – мидан басқа жасушалардың есте сақтау қабілетіне ықпал ететінін түсіну. Ғалымдар есте сақтау үрдісіне уақыт өте келе қалай әсер ететінін тексеру үшін адам ағзасындағы мидан тыс екі түрлі жасушаны зерттеп, оларға химиялық сигналдар арқылы әсер етті. Бұл процесс мида жаңа ақпаратты меңгерген кезде нейротрансмиттерлердің үлгілерімен әрекеттесетін ми жасушаларының әсерімен ұқсас болды. Нәтижесінде миға қатысы жоқ жасушалар «естелік генін» қосты – бұл ген ақпараттағы заңдылықтарды анықтаған кезде ми жасушалары қосатын генге ұқсас.
Ғалымдар оқу және есте сақтау процестерін бақылау үшін осы жасушаларды «естелік гені» қосылғанда немесе сөндірілгенде жарқырайтын ақуыз жасауға бағдарламалаған. Зерттеу нәтижелері бұл жасушалардың миға ұқсас үзілісті түрде үйрену кезінде химиялық импульстарды ажырата алатынын көрсетті. Нақтырақ айтқанда, импульстар үзіліспен берілгенде, олар «естелік генін» бірден берілген жағдайда қарағанда күштірек және ұзақ уақыт қосқан.
«Бұл кеңістіктік интервал әсерін әрекетте көрсетеді. Бұл қайта-қайта үйрену қабілетінің тек ми жасушаларына ғана тән емес, шын мәнінде барлық жасушалардың негізгі қасиеті болуы мүмкін екенін көрсетеді», – деді Кукушкин, Нью-Йорк университетінің Либералды зерттеулер саласындағы өмір туралы ғылымдар доценті және нейроғылым орталығының ғылыми қызметкері.
Зерттеушілер бұл нәтижелер есте сақтауды зерттеудің жаңа жолдарын ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа пайдалы болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Бұл ашылу есте сақтау қабілетінің қалай жұмыс істейтіні туралы түсінігімізді кеңейтеді және есте сақтау қабілетін жақсарту мен есте сақтауға байланысты мәселелерді емдеудің тиімді әдістерін ұсынуы мүмкін. Сонымен қатар болашақта біз денемізге көбірек ми ретінде қарауымыз керек болады – мысалы, ұйқы безіміздің өткен тағамдарымыздың сипатын есте сақтап, қандағы глюкоза деңгейін реттеп тұратыны немесе қатерлі ісік жасушасының химиотерапияның үлгісін есінде сақтайтыны туралы ойлануымыз керек», – деп атап өтті Кукушкин.
Бұл зерттеу Кукушкин және Нью-Йорк университетінің нейроғылым орталығының профессоры Томас Карьюдің жетекшілігімен жүргізілді. Зерттеу авторларының қатарында Нью-Йорк университетінің зерттеушілері Тасним Табассум және бакалавр зерттеушісі Роберт Карни де бар.
Назым МАЛИККЫЗЫ