Алдағы күндері астрономия әуесқойлары мен ғарышқа қызығушылық танытатындар үшін ерекше мүмкіндік туындайды —ол алып планета Юпитер Жерге жақындап, телескоп арқылы бақылауға оңай болады. Бұл құбылыс Юпитердің оппозициясы деп аталады және ол астрономиялық тұрғыдан маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.
Юпитер оппозицияға келгенде, ол мен Күн бір-біріне қарама-қарсы орналасады, ал Жер олардың арасында болады. Бұл сәтте Юпитер Жерге барынша жақындап, оның жарығы айқын көрініп, аспанда үлкен дене болып жарқырайды. Бұл құбылыс әр 13 ай сайын қайталанып тұрады, бірақ әрбір оппозиция кезінде Юпитер Жерге әртүрлі қашықтықта орналасады. Біз Юпитерді қалай көре аламыз?
Юпитерді бақылау үшін телескоп қажет, бірақ қарапайым бинокльмен де планетаның жарқын бейнесін тамашалауға болады. Жақын күндері аспан бұлтсыз болса, Юпитерді тіпті жалаң көзбен де көру мүмкіндігі бар. Алайда, планетаның атмосферасын, оның Үлкен Қызыл Дақ деп аталатын дауылын және төрт ірі серігін көру үшін телескопты қолдану ұсынылады.
Юпитерді бақылау кезінде ескерілетін негізгі факторлар:
— Ашық аспан:Бұл құбылысты жақсы көру үшін жарық аз, қаланың жарық шуларынан алыс жерлерді таңдаңыз.
— Телескоп немесе бинокль: Телескоп арқылы планетаның белдеулерін, оның серіктерін және басқа да ерекшеліктерін тамашалауға болады.
— Түнгі уақыт: Юпитердің ең жақсы көрінетін уақыты — күн батқаннан кейінгі кезең, себебі ол осы кезде көкжиекте жоғары көтеріледі.
Юпитердің біз білмейтін де,білетінде ерекшеліктері де өте көп.
Юпитер — Күн жүйесіндегі ең үлкен планета, оның диаметрі Жерден 11 есе үлкен. Бұл планетаның басты ерекшеліктерінің бірі — оның атмосферасындағы Үлкен Қызыл Дақ деп аталатын дауыл. Ғалымдар бұл дауылдың Жерден үш есе үлкен екенін және жүздеген жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқанын анықтады.Сондай-ақ, Юпитердің 79 спутнигі бар, олардың ең танымалдары — Ганимед, Каллисто, Ио және Еуропа. Бұл спутниктер Галилео серіктері деп аталады және оларды кішігірім телескоп арқылы көруге болады.
Астрономия әуесқойлары үшін бұл тамаша мүмкіндіктердің бірі десекте болады.Юпитер оппозициясы — астрономияға қызығушылық танытатындар үшін ерекше мүмкіндік. Әсіресе, телескопты алғаш пайдаланатындар үшін Юпитер сияқты алып планетаны бақылау ғарыш кеңістігінің сұлулығын көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл оқиға астрономиялық құбылыстарды жақыннан бақылауға қызығушылық танытқан балалар мен жасөспірімдер үшін де тамаша білім беру құралы.
Юпитердің Жерге жақындауы — тек астрономия әуесқойлары үшін ғана емес, барлық адамдарға ерекше сәт. Аспанға қарауға бір сәт бөлсеңіз, ғарыштың керемет құпияларын көру мүмкіндігіңіз болады. Сондықтан алдағы күндері аспанды бақылап, Юпитердің көрінісін жіберіп алмаңыз!
Қуанышова Аяжан Серікқызы