Қазақстандық лингвист шетелдіктердің қазақ тілін үйренуіне арналған әдебиет пен әдістеменің аз екенін айтады. Ол ғылыми зерттеуін тәжірибемен ұштап, осы саланың өзіндік түйткілдері жайында айтады.
Нұрсұлтан Асылов — америкалықтарға қазақ тілін үйретіп жүрген талантты жастардың бірі. Қазіргі таңда ол Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінде докторантурада оқиды. Порталымыздың тілшісі жас ғалыммен тілдесіп, аз-кем сұқбат құрды.
БҰЛ НҰРСҰЛТАН БҰРЫНҒЫ НҰРСҰЛТАННАН ӨЗГЕРЕК
Нұрсұлтан тіл біліміне жастай қызыққанын айтады. Тіпті полиглот болуды мақсат етіпті.
— Кішкентайымнан тіл біліміне қызықтым. Тіпті 30 жасқа дейін жеті тілді үйренуім қажет деп мақсат қойғанмын. Қазіргі таңда төрт тілде еркін сөйлеймін. Америкада бесінші тіл ретінде испан тілін оқып жатырмын. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп халық даналығы бар ғой. Жаңа тіл үйрену арқылы көптеген жаңа мүмкіндіктерге ие болдым. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбедегі Жұбанов университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түстім. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде қызмет атқардым. Кейін Назарбаев университетінде білім бойынша көшбасшылық деген бағдарлама бойынша екі жыл магистратура бөлімінде оқыдым. Тіл саясатын зерттеп, ғылыммын айналыстым,- дейді ол.
Қазіргі таңда қазақстандық лингвист АҚШ-та әрі қарай өз білімін жалғастырып жатыр.
АМЕРИКАЛЫҚ ПРОФЕССОРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ
— «PhD in education» 5 жылдық бағдарламасы бойынша білім алудамын. Оқуым өзара байланысы көп тілдер, мәдениет және сауаттылық бағытында өрбиді. Әр семестр сайын өзіме бір тағылымдама іздеп отырамын. Сондай ізденіс барысында америкалық профессор Сэт Кейблмен танысып, әңгіме құрған едім. Оқытушым менің ана тіліме қызығушылық танытып, оны басқаларға үйрету туралы ұсыныс тастады. Негізінен лингвистика факультеті әр жыл сайын еуропалық емес бір тілді таңдап, оны студент-докторанттарға зерттеуге мүмкіндік береді. Ал сол таңдалған тілді білетін адам консультант болып, өзгелерге үйретеді. Былтыр университетте мая тілі оқытылды. Биыл мені таңдаған кезде қатты таңғалдым әрі қуандым. Негізінен біздің тіл өте бай, қызық тіл ғой. Бір өкініштісі, лингвистика саласында шет тілінде қазақ тілі туралы зерттеулер аз. Бүгінде сол олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстанып жатырмын,- дейді зерттеуші.
Нұрсұлтан Асыловтың айтуынша, шетелдік білім алушыларда қазақ халқы туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі бар.
— Америка, Испания, Жапония және Қытайдан келген докторанттар тек тілді үйреніп қана қоймай, қазақтың тарихымен, мәдениетімен танысты. Ал сабақты интервью форматында өткіздім. Бұл шешімге профессор екеуміз ақылдаса отырып келген болатынбыз. Студенттер белгілі бір тақырыпқа дайындалады, кейін біз сөйлемдерді талдаймыз. Менің білім алушыларым — лингвистер, тілді 2-3 жылдан бері зерттеп келе жатқан мамандар. Сол үшін де лингвистиканың логикасын жақсы біледі. Жаңа тілді игеруде айтардық қиындықтар болмады. Біз тіл біліміндегі грамматикалық ережелерді қарастырып, өзге тілдермен ұқсастығын, айырмашылығын да қарастырдық. Қазақ тіліндегі пассив тіл бірліктері, болымсыз етістіктер сынды тақырыптарға зерттеу жүргіздік. Айта кетерлігі, курс мәресіне жетсе де, менің келісімшартым аяқталмады. Сондықтан докторанттар маған түсінбеген сұрақтарымен келіп, ақыл-кеңес ала алады,-деп түсіндірді жас ғалым.
ТІЛ МЕН ТАРИХ
Қазіргі таңда қазақстандық ізденушінің шәкірттері қазақ тілінде жай сөйлемдерді құрастыра алады.
— Нәтиже жаман емес. Үш ай өткеннен кейін сөйлемдерді құрастыра алатын дәрежеге жетті. Өздері қазақ тілін үйрену қиын емес дейді. Бастапқы кезде топта 5 адам болды. Кейіннен тағы бір адам курс туралы естіп, оған қызығушылық танытып, ортамызға қосылды. Аптасына 3 рет 1 сағаттан қазақ тілін үйренді,- дейді ол.
Жас ғалым алдағы уақытта қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіруді қолға алмақ.
— Бізде шетелдіктерге қазақ тілін үйрету бойынша әдістемелер өте аз. Осы мәселені алдағы уақытта қарастырғым келеді. Қазақ тілі мен ағылшын тілінің арасында біршама ұқсастықтар бар. Осы ұқсастықтар негізінде оқу бағдарламасын жасау ойда бар. Мен тілді үйретуді бастамас бұрын сол ұлттың таным-түсінігіне, тарихына шолу жасау қажет деп ойлаймын. Мәселен, бізде орыс тілінен енген сөздер өте көп. Егер үйренуші тарихты білсе, бұл кірме сөздердің де не себепті лексикамызға енгенін оңай түсіне алады,- деп қорытындылады Нұрсұлтан Асылов.
Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы