Жүзден жүйрік...

Қоқыс жәшігінен басталған болашақ. Қазақша «ақылды үй» жасаған оқушы

Мектеп қабырғасында жүріп, түрлі жобалар қатысқан оқушы Дәурен Ахметті белгілі компания жұмысқа шақырған. Тиісті салада іс-тәжірибеден өткен жас өнертапқыш өз жобаларының ерекщеліктерімен бөлісті. 

Алматыдағы №178 мамандандырылған лицейдің 11 сынып оқушысы Дәурен Ахмет — өнертапқыш. Ғылымға ден қойған өнертапқыш қазақ тіліндегі командамен жұмыс істейтін «ақылды үй» жобасын ойлап тапты.

МҮМКІНДІГІ КӨП ҮЙДІҢ ҚОЖАСЫ – ҚОЛ ТЕЛЕФОНЫ 

Дәурен Ахмет бұған дейін бірнеше рет республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлдегер атанған.

— Зерттеуге деген қызығушылығым 7 сынып оқып жүрген кезімде басталды. Дәл сол жылы мектебімізде робототехника үйірмесі ашылған еді. 1 жыл бойы жетекшім Дастан Рахатовтың көмегімен бұл саланың қыр-сырын зерттедім. Алған білімімнің нәтижесінде автоматтандырылған қоқыс жәшігін жасаған болатынмын. Ол адамдардың келе жатқанын сезіп, қақпағын бірден ашатын. Солай-солай жаңа дүниелерді құрастыруға деген ынтам ашылды, — дейді жас дарын.

Уақыт өте келе Дәурен телефон арқылы басқаруға болатын заманауи үйді жасауды қолға алған. Мүмкіндігі көп үйде тұру үшін қолыңызда телефон болса жетіп жатыр.

— 9 сынып оқып жүрген кезімде сыныптасым Төлеген Диаспен «SMS-хабарламалар арқылы заттарды басқару функциясы бар ақылды мектеп жобасы» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жаздық. Техниканың дамыған заманында заманауи технологиялардың көмегімен SMART SCHOOL жобасы арқылы республикалық кезеңге жолдама алып, Алматы қаласының атынан қатыстық, — дейді ол.

ҚАУІПСІЗДІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ «АҚЫЛДЫ ҮЙ»

Дәурен кейін осыған ұқсас жұмыстарды дамытқысы келгенін айтады.

— Осылайша назарымыз соңғы жылдары ерекше танымалдылыққа ие «Ақылды үй» жобасына түсті. Мен де дәл осындай өнертабыс жасағым келіп, 10 сыныпта өз зерттеуімді бастадым. Ізденіс барысында  «ақылды үйлердің» көпшілігі орыс не ағылшын тілінде жұмыс істейтініне көз жеткіздім. Осылайша оларды неге қазақша сөйлетпеске деген идея келіп, жоба жұмысын бастап кеттім. Сыныптасым Райымбек Мирақпаровпен жасаған үй қазақ тілінде қашықтан да басқарыла береді. Оған арнайы бағдарламаларды орнаттық. Жарық өшіп қалса, үй генератор арқылы қуат алады. Егер үй иесі шетелге кетіп қалса, SMS арқылы үйдегі жағдайды бақылап, реттей алады, — деген ол жобаны жасауда бағдарламаларды жасап шығу қиын болғанын айтады.

Жас зерттеушінің айтуынша, «Ақылды үй» жобасы қауіпсіздік жүйесіне қосылған.

— Далаға шығып бара жатқан кезде «лазер» деп айту керек. Бұл арнайы команда арқылы есік-терезелерде лазер пайда болады. Егер үйге бейтаныс адам келіп, ол лазерді қиып өтсе, автоматты түрде үй иесіне қоңырау шалынады. Осылайша мән-жайды қашықта отырып-ақ білуге болады. «Ақылды үй» адамдарға қолайлылық пен  жарқын өмір сүруге мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Дәурен Ахмет.

«БЫЛТЫР ЖАСЫМ ЖЕТПЕДІ, БИЫЛ БАСТАЙМЫН»

Дәурен Ахмет бұл жобаға көптеген жанның қызығушылық танытқанын атап өтті.

— «Ақылды үйді» «Digital Almaty-2023» атты халықаралық цифрлық форумында таныстырған болатынбыз. Сол кезде бізді орыс тілінде ақылды үй қосымшасы мен құрылғысын жасап жүрген «Connect home» компаниясы іс-тәжірибеден өтуге шақырды. Бұл күтпеген жаңалық болды. Білікті мамандардан көп дүниені үйрендік. Олар тіпті ресми түрде бірлесіп жұмыс істеуге де ұсыныс тастады. Өкінішке қарай, өткен жылы жасым жетпеді. Бұйырса, биыл бағымды сынап, жұмысты бастамақпын,- деді талантты оқушы.

Дәурен биыл алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақшы. Қазірдің өзінде оның болашаққа арнаған өзіндік жоба-жоспары бар.

Әңгімелескен: Диана Асан

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру