Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы 22-26 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында бірқатар университетпен ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Бейбіткүл Кәрімова хабарлады.
Корея Республикасындағы іссапар барысында Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен арнайы кездесу өтті. Кездесудің өтуіне Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігі қолдау көрсетті. Жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры қатысты. Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек вице-министрлермен бірге онлайн қосылып, бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы шеңберінде Сеул мен Қазақстан университеті арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызды болып отыр. Қазір Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект мектебін ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектеп ашу «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы (LUPIC) аясында жүзеге асырылады. Жоба ресми түрде 2023 жылдың 1 сәуірінде басталды. Үш кезеңнен тұрады және жеті жылға созылады. Жоба жетекшісі және үйлестірушісі болып Сеултех университетінің профессоры Джэсу Ким бекітілді», — деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жоба аясында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, бизнес-инкубатор орталығын ашу жоспарланып отыр. Жыл сайын Сеултех университетінен 2 профессор дәріс беру үшін және 2 студент бағдарламалық қамтамасыз ету мақсатында жіберіледі. Бұл мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Корея Республикасында шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарламалармен қамтамасыз етіледі.
Алдағы уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеултехтің филиалын ашу да жоспарланып отыр. Филиал ашу бойынша жұмыстарға, атап айтсақ білім грантын бөлу, жаңа ғимарат салу бойынша өңір басшысы тікелей қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Оңтүстік Кореяға сапар барысында университет делегациясы Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті.
Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Сондай-ақ, Шинхан университеті мен Қорқыт ата университетінің арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, университет делегациясы бірқатар университеттермен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді.
Алдағы уақытта Оңтүстік кореялық университтермен әртүрлі деңгейдегі студенттерді даярлау, профессорлар мен оқытушылар алмасу, бірлескен зерттеулер ұйымдастыру, ғылыми іс-шаралар өткізу, делегацияларды іссапарға жіберу және ғылыми институттармен ынтымақтастықты дамыту жұмыстары іске асырылатын болады.
Атап айтсақ, әлемге әйгілі Каннам университетімен 20 жылдан астам уақыт бұрын серіктестік орнатылған болатын. Содан бері жыл сайын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен Каннам университетінде оқуға мүмкіндік алды. Бұл қызылордалық студенттердің сапалы білім алуына, тәжірибе жинақтауына жол ашып жатыр. Ендігі кезекте академиялық ұтқырлықпен баратын студенттер саны артатын болды.
Сапар барысында Сеул Кибер университеті, Sookmyung әйелдер университетімен әріптестік қарым-қатынасты нығайта отырып, бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісім жасалды. Бұл шетелдік ЖОО-ларда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранттары мен оқытушылары алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқу мүмкіндігіне ие болады.
Материал Қызылорда облысының әкімдігімен ұсынылған