Жаңа зерттеулер Жерді айнала ғарыштық жыныстардан тұратын алып сақина болғанын және оның біздің планетаға метеориттердің хаостық соққыларын әкелгенін көрсетеді.
Гипотетикалық сақина шамамен 466 миллион жыл бұрын пайда болып, Жердің Рош шекарасынан өткеннен кейін тартылыс күштерімен бөлінген алып астероидтың қалдықтары болуы мүмкін. Экватор арқылы көлеңке түсірген бұл сақина күн сәулесін жауып, Жердің бетін метеориттермен соққан. Зерттеушілер бұл қорытындыларын 16 қыркүйекте «Earth and Planetary Science Letters» журналында жариялады.
«Миллиондаған жылдар бойы сақинадан шыққан материал Жерге түсіп, геологиялық жазбаларда байқалатын метеориттердің көбеюіне себеп болды. Біз сондай-ақ осы кезеңдегі шөгінді қабаттарда метеорит қалдықтарының өте көп мөлшерін көрдік», — дейді зерттеудің жетекші авторы, Австралияның Монаш университетінің планетарлық ғылымдар профессоры Энди Томкинс.
Ғалымдар таңғаларлық гипотезаға келіп, ордовик кезеңін (485-443 миллион жыл бұрын) зерттеді. Бұл кезең Жер тарихындағы ең суық кезеңдердің бірі болған және метеориттер соққысының кенеттен артуымен ерекшеленеді. Зерттеу барысында ғалымдар ордовик кезеңіндегі 21 астероидтық соққы кратерінің барлығы экватордан 30 градустан аспайтынын анықтады. Жер континенттерінің 70%-ы бұл аймақтан тыс орналасқандықтан, мұның кездейсоқ болуы өте аз ықтимал екенін есептеді.
Осы деректерді ескере отырып, ғалымдар экваторды қоршаған, астероид қалдықтарынан тұратын сақина планетаның суынуын және соққыларды түсіндіре алады деген гипотезаны ұсынды. Бұл гипотезаны растау үшін қосымша дәлелдер қажет, бірақ ежелгі сақина теориясы Жер тарихындағы көптеген құбылыстарды түсіндіре алады. Ғалымдардың айтуынша, бұл сақиналар бірнеше рет пайда болып, кейін Жердің тартылысымен жойылған болуы мүмкін.
«Сақиналы жүйе ғаламдық температураға әсер етуі мүмкін деген идея біздің Жердің климатына ғарыштық құбылыстардың қалай әсер еткенін түсінуімізге жаңа деңгей қосады», — дейді Томкинс.
Назым МАЛИККЫЗЫ