Жер сілкінісі оңтүстіктен солтүстікке бағытталған, сондықтан әсері Орталық Қазақстанда да сезілді, деп жеткізді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытай шекарасына жақын, 250 шақырым жерде болған. Афтершок – сейсмикалық толқын – өте үлкен, Рихтер шкаласы бойынша 6,5-7 болды, сондықтан әсері Орталық Қазақстанда да сезілді. Дүмпу дәл оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталды, дүмпуден толқын көтерілді, сондықтан олар мұнда өте әлсіз болса да байқалды», – деді Саясат Нұрбек сейсенбі күні Үкіметте өткен брифингте.
Министр елорда тұрғындары жер сілкінісінен қорқу керек пе деген сұраққа Астана Тұран платформасында орналасқандықтан, қорқудың қажеті жоқ екенін де жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді. Кейін жер сілкінісінің күші 5 балл болғаны белгілі болды.