Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз, Астанадағы Назарбаев университетіне барыңыз. Сіз ондағы ғылыми зертханалардың бірінен шетелдіктерді мойындатқан қазақ ғылымының өкілі Зейнетулла Еңсеповты таба аласыз. Ол сонау тоқсаныншы жылдары күнкөріс қамымен шетел асыпты. Кейіннен Жапониядағы ең беделді жоғары оқу орындарының біріне жұмысқа орналасып, оқытушы болып еңбек еткен.
Лениндік стипендияның иегері атанған
Бізге ерекше ұнағаны – ғалымның ең алдымен өзінің ана тілінде жатық та әдемі сөйлеуі. Ақын Қадыр Мырзалиевтың «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» дегені де осы шығар. Менің таңданысымды көрген Зейнетулла Еңсепов:
– Ана тілімді құрметтеймін. Бес тілде еркін сөйлей аламын. Қаншама жыл бойы шетелде жүрсем де, туған жерімді бір сәтке естен шығарған емеспін, – деді жымиып.
Бүгінде Зейнетулла Еңсепов АҚШ-тың азаматы. Ол қазір арнайы шақыртумен қайта елге оралып, қазақ ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосуда.
– Байқауымша, Астана мен Алматы қалаларында нанотехнологияны дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл қуантарлық жағдай. Жеке басым, біздің қазақ ғалымдары ғылым саласын өркендету үшін ағылшын тілін меңгеріп, барлық ғылыми еңбекті түпнұсқадан оқи алатындай дәрежеге жетуі тиіс деп санаймын. Себебі қазір дүниежүзінде ағылшын тілі үстемдік құрып тұр, – дейді ғалым.
Айта кетейік, бүгінде Зейнетулла Еңсепов қазақ, орыс тілдерін қоспағанда үш тілде жетік сөйлейді. Ал соңғы үйренген жапон және ағылшын тілдерін білу деңгейі өзінің айтуынша «нан тауып жей алатындай» халде екен.
Кейде біз тілдік орта жоқ дегенді сылтауратып, шет тілдерін үйренуді кейінге шегере береміз. Ал біздің кейіпкер «Әртүрлі ұлт өкілдерінің тілін меңгеру қиын емес. Ең бастысы, ниет керек» дейді.
– Тіл үйрену, әрине оңай шаруа емес. Десе де, кез келген дүниені меңгеру үшін талпыну қажет. Ешқашан қателесуден қорықпау керек, – дейді ғалым.
Зейнетулла Еңсепов мектеп жасынан бастап инженер болуды армандапты. Сөйтіп ол бала қиялдың жетегімен Мәскеуге аттанған.
– Ол кезде екінің бірі жоғары оқу орнына түсе алмайтын еді. Өйткені қабылдау комиссиясының талабы күшті, тәртібі қатаң болатын. Содан не керек, емтихан тапсырып, оқуға түстім. Институтта Лениндік сти¬пендияның иегері атандым, – дейді ғалым.
«Самсунгке» қажетті аспаптарды құрастырған
Ауыл мектебін бітіріп, артынан институтты тәмамдаған жас маман 1992 жылы Алматыға оралып, Қазақ политехникалық институтында жұмыс істейді. Ол тұста біздің ғалымдар мардымсыз еңбекақы алатын. Себеп түсінікті. Өйткені ол кездері заман қиын болған. Сондықтан болар, қазақ ғылымын дамытуға шынайы ден қойған ілуде біреу болмаса, білікті мамандардың көбісі жалақысы жоғары жұмыс іздеп, шетел асып кетіпті.
– Жапониядағы жоғары оқу орындарының біріне оқытушы ретінде жұмысқа шақырды. Бірден келістім. Шыны керек, үш ұйықтасам да, түсіме өзге елде дәріс оқып, мұғалім боламын деген ой кірмепті, – деп ағынан жарылды Зейнетулла Еңсепов.
Осылайша, қазақ ғалымы сонау тоқсаныншы жылдары жапон студенттеріне микроэлектроникадан дәріс оқиды. Оның айтуынша, күншығыс елінің адамдары әлі күнге дейін кеңестік ғалымдарды құрметтейді.
– Институтты бітірген соң білімімді аспирантурада жалғастырдым. Онда маған физика-математика ғылымдарының докторы, атақты ғалым Леонид Келдыш жетекшілік етті. Ол кісінің білімі өте жоғары болды, – дей келе Зейнетулла Еңсепов жапондықтар оны Леонид Келдыштің шәкірті болғаны үшін қызметке шақырғанын атап өтті.
Бір қызығы, күншығыс елінің тұрғындары Зейнетулла Еңсеповты алғаш рет көргенде орыс ғалымы деп қабылдапты. Тіпті жапондар біздің ғалымның аты-жөні басқа тілде жазылып тұрғанына да мән бермепті. Алайда уақыт өте келе олар Еңсеповтің қазақ екенін білген.
– Жапониядағы жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жүріп, шетелдіктер өзінің туған тілін білетін кез келген ұлт өкіліне құрметпен қарайтынын байқадым. Мәселен жапондар шетелден қонақтарға: «Ағылшын тілін білесің бе?» деп емес, «Ана тіліңде сөйлей аласың ба?» деген сауал қояды. «Әрине. Біз туған тілімізді ардақтайтын халықпыз» деп жауап берсеңіз, олар сізге ерекше сый-құрметпен қарайды. Ал «Білмеймін. Есесіне, өзге тілдерді жетік меңгердім» десеңіз, көп жылдар бойы құл болып, өзінің ана тілін ұмытып қалған деген сыңайда мүсіркей қарайды, – дейді Зейнетулла Еңсепов.
Қазақстандық ғалым Жапонияда сабақ берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысты. Ол 1996 жылы жапондық мамандармен бірлесіп, әлемдегі ең жылдам транзисторды жасап шығарды. Бұдан бөлек «Самсунг», «Сони» сияқты алпауыт компанияларға қажетті аспаптарды құрастырумен шұғылданды.
– Студенттерге сабақ бергенде нанотехнологияларды үйретуге баса назар аудардым. Өйткені келешекте ғылымның барлық саласын меңгерген мамандар ауадай қажет болады, – дейді ғалым.
Зейнетулла Еңсепов нанотехнологияны тереңдетіп меңгеруге әріптестерінің де көп көмектескенін жоққа шығармайды. Алдағы уақытта ол ғылым саласын үйрену жолында жинаған тәжірибесін өзгелерге насихаттап, шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап отыр.
– Біздің балалар математика, физика, химия пәндерін ден қойып, ынтамен оқуы керек. Ал жас ғалымдарға орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми еңбектерді пайдалану қажет. Өйткені әлем мойындап отырған жапон ғалымдарының өзі КСРО ғалымдарының еңбектерін пайдаланады, – дейді Зейнетулла Еңсепов.
Қазақ балаларын ғылымға баулымақ
Кезінде Зейнетулла Еңсеповты еліміздегі министрліктер талай мәрте қызметке шақырыпты. Алайда ғалымның елге оралуына мүмкіндігі болмаған.
– Біздің елде басшылық қызметті де ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Өйткені білдей бір мекемені басқару оңай шаруа емес. Әрі-беріден соң, әркім өз қолынан келетін жұмысты істеуі керек қой. Қателеспесем, 2008 жылы Білім және ғылым министрі болған Жансейіт Түймебаев елге оралуға ұсыныс жасады. Бірақ ол кезде ғылыми жобамды аяқсыз қалдыра алмадым. Сол себептен Қазақстанға келуге мүмкіндігім болмады. Сонда: «Ендігі жолы шақырту түссе, міндетті түрде туған еліме барамын. Қазақстандағы ғылымның дамуына үлес қосамын» деп өзіме іштей уәде берген едім. Міне, бүгін бұл сертім орындалды, – деп әңгімелейді Зейнетулла Еңсепов.
Ғалымның айтуынша, ғылыми-зерттеуді жүргізудің шығыны шаш етектен. Оған қажетті құрал-жабдықтардың өзі удай қымбат. Кейде ең озық технологиялардың өзі сынып, зерттеуді жүргізуге кедергі келтіріп жатады екен.
– Ғылымға бет бұрған адамның миында зерттеу жұмысына қажетті ақпаратты үйрену схемасы пайда болады. Егер математика, физика, химия пәндерін жетік білсең, өзге ғылымды үйрену оңайға түседі. Негізі кез келген саланы меңгеремін деп, шын ниетіңмен қызықсаң, қандай да бір жетістікке қол жеткізе аласың. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген дүние. Сондықтан не нәрсені болмасын, үйренемін, қолымнан келеді деп жасау керек. Сонда бәрі жақсы болады, – дейді ғалым.
Алдыңғы уақытта Зейнетулла Еңсепов қазақ балаларын ғылымға баулымақ. Өйткені біздің қаракөздеріміз шетелдік жас ғалымдардан асып түспесе, кем емес. Ең бастысы, жасөспірімнің математикадан хабары болуы керек. Баланы мектеп жасынан бастап жақсы оқытса, оның қайтарымы мол екенін айтады тәжірибелі ғалым.
Ажар Сағатбекова