Әлемдік драматургияның жауһары саналатын Уильям Шекспирдің «Гамлеті» – уақыт пен кеңістіктен асып, әр кезеңнің рухани көкжиегін, адам болмысының шексіз тереңдігін, ар мен намыс, әділдік пен сатқындық, өмір мен өлім арасындағы күрделі таңдауларын бейнелейтін мәңгілік шығарма. Әр буын режиссерлерінің көзқарасы мен көркемдік танымына сай қайта жаңғырып отыруы – бұл трагедияның адамзат табиғатына терең бойлай алатын әмбебаптығының дәлелі.
1980 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында режиссер Маман Байсеркеновтің режиссурасымен «Гамлет» трагедиясы тұңғыш рет сахналанды. Басты рольдерде Алтынбек Кенжеков (Гамлет), Лидия Кәден (Офелия), Мұхтар Бақтыгереев (Клавдий), Қасым Жәкібаев (Полоний) өнер көрсетті. Ол кезеңдегі қойылым көркемдік ізденісімен, психологиялық тереңдігімен дараланып, сол заман көрермендерінің рухани сұранысына жауап беріп, сахналық бейнелеу мүмкіндіктерін кеңейткенспектакль ретінде театр тарихында ерекше орын алды.
Араға тура 45 жыл салып, театр «Гамлетке» қайта оралуда. Режиссер Дина Жұмабаева аталмыш классикалық туындыны «Гамлет. Соңғы күндер» деген атаумен өз замандастарына икемдеп, жаңаша интерпретацияда ұсынады. Бұл бүгінгі адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты қайта пайымдау, түпнұсқа мәтінге жаңа көзқараспен қарау, рухани және әлеуметтік қақтығыстарды жаңаша бейнелеуге деген талпыныс. Басты рольдерде Дархан Сүлейменов (Гамлет), Аида Жантілеуова (Офелия), Еділ Рамазанов (Клавдий), Сафуан Рысбайұлы (Полоний), Жанар Мақашева (Гертруда) ойнайды. Бұл жолғы қойылымда драманың философиялық өзегі сақтала отырып, жаңа уақытқа тән сұрақтар мен сезімдерге ерекше көңіл бөлінеді. Адамның ішкі жан-дүниесімен күресін, әрі өз болмысын табу жолындағы ізденісін ашатын бұл спектакльдің көрерменге ерекше әсер қалдырары анық.