Қытай ғалымдары оператордың нақты нұсқауларынсыз өздігінен шешім қабылдай алатын жасанды интеллект (ЖИ) агентін таныстырды. Қытай стартапы Butterfly Effect әзірлеген Manus, өкілдерінің айтуынша, әлемдегі алғашқы жалпы ЖИ агенті болып табылады, яғни қазіргі ЖИ үлгілерінде жетіспейтін автономия деңгейін көрсетеді. Manus-ты жасаған ғалымдар оның болашақта жасанды жалпы интеллекттің (AGI) қандай мүмкіндіктерге ие бола алатынының хабарлады MIT Technology Review сайты.
Бұл жаңа ЖИ түрі ChatGPT немесе DeepSeek сияқты чат-боттарға ұқсас мәтіндік нұсқауларға жауап береді. Дегенмен чат-боттардан айырмашылығы, Manus әртүрлі тапсырмалармен өз бетінше жұмыс істейді және үнемі кезең-кезеңімен нұсқауларды қажет етпейді. Manus әлі кең аудиторияға қолжетімді емес, алайда шектеулі шақыру кодтарының таралуы таңдалған пайдаланушыларға қолжетімділікті берді, бұл Интернетте зор қызығушылық тудырды. Кейбір пайдаланушылар қарапайым нұсқауларға сүйене отырып, ойнауға болатын видеойындар жасаған болса, басқалары Manus-ты веб-сайттарды әзірлеу және іске қосу үшін қолданған.
Manus AI – биылғы жылы технология саласында елеулі серпіліс жасайтын екінші қытайлық ЖИ құралы. Қаңтар айында DeepSeek жүйесі американдық бәсекелестермен тең немесе одан да жақсы нәтижелер көрсетіп, өнеркәсіп ландшафтын өзгерткен болатын. Ал Manus мүлде жаңа буын ЖИ үлгісі болу әлеуетіне ие. Чат-боттар негізінен бір ғана ірі тілдік модель (LLM) негізінде жұмыс істесе, Manus бірнеше LLM мен басқа тәуелсіз бағдарламалық қамтамасыз етуді біріктіріп, күрделі тапсырмаларды өз бетінше шешеді. Мұндай көпагенттік архитектура бірнеше компоненттің өзара әрекеттесуіне негізделген.
Manus кей жағдайларда ChatGPT-дан да толық әрі егжей-тегжейлі жауаптар ұсынады, дегенмен ол жауап беру үшін қосымша уақыт қажет етеді – себебі жүйе терең зерттеу жүргізеді. Forbes мәліметіне сәйкес, Manus тапсырмаларды өз бетімен іске қосып, динамикалық түрде өз іс-әрекетін түзетеді. Яғни, бір нұсқау жеткілікті болған жағдайда, ол Интернетті шарлап, код жаза отырып, деректерді талдап, қосымша нұсқауларсыз өз шешімін қалыптастырады. Manus-тың веб-сайтында демалыс жоспарын құру, қор нарығын талдау немесе жұмыс орындарының түйіндемелерін тексеру сияқты тапсырмаларды орындау мысалдары келтірілген. ChatGPT секілді құралдардан айырмашылығы, Manus үздіксіз деректерді енгізуді қажет етпей, күрделі тапсырмаларды өз бетінше бөліп, орындай алады. Жүйе бұлттық инфрақұрылым негізінде жұмыс істейтіні себепті, пайдаланушылар компьютерлерін өшірсе де, Manus фондық режимде жұмысын жалғастыра береді.
Жалпы ЖИ агентінің пайда болуы жаңа этикалық сұрақтар мен пікірталастарды туындатуда. Агенттер адамдарға ұқсас әрекет етсе де, олар үнемі, тез және тоқтаусыз жұмыс істей алады – егер жүйе ақаусыз жұмыс жасаса, шаршамайды және жоғары өнімділік көрсетеді.
Ақыл патшалығыӘлемБасты ақпаратБілімГенетикаҒалым мінберіҒылыми мақалаларЖаңалықтарЖасанды интеллектЖігерленЖүзден жүйрік...ИнновацияМүмкіндікТехнология