Тамақ иісін сезсеңіз – қарныңыз ашпай қалады ма? Бұл құбылыстың артында нақты нейрондық тетік бар екенін неміс ғалымдары дәлелдеді. Макс Планк метаболизмді зерттеу институтының ғалымдары ашқан жаңа нейрондық желі мұрыннан келген иіс сигналын тікелей миға жеткізіп, тойғандық сезімін іске қосады. Бұл жүйе артық салмағы жоқ тышқандарда жақсы жұмыс істейді, ал семіздікке шалдыққандарда – әсер етпегенін көрсетті.
Жаңа «қосқыш» — медиальды септум нейрондары
Зерттеушілер иіс арқылы белсенді болатын ми бөлігін анықтап, медиальды септумдағы арнайы нейрондарды тапты. Тамақ иісін сезгенде, бұл нейрондар іске қосылып, бірнеше секундтың ішінде тойыну сигналына себеп болады. Бірақ бұл тек тамақ иісі болғанда ғана іске асады — басқа иістер мұндай әсер етпейді. Тышқандар тамақ жеуге кіріскенде, бұл нейрондар керісінше, блокталады. Яғни, олар тамақ ішудің алдында ғана белсенді.
Семіздік жүйені «өшіріп» тастайды
Семіз тышқандардың миында бұл нейрондар иіске мүлде жауап бермейді. Ғалымдар семіздік кезінде иіс сезу жүйесі бұзылатынын бұрыннан біледі, алайда бұл жолы тойынуға жауап беретін жүйе де әлсірейтіні дәлелденді.
Адамдарға бұл қалай әсер етуі мүмкін?
Адам миында да дәл осындай нейрондар бар. Алдымен, иіс арқылы тәбетті төмендету әдісі арық адамдарда тиімді, бірақ артық салмақты адамдарда кері нәтиже беруі мүмкін. Кей зерттеулерде кейбір иістер тамаққа тәбетті төмендетсе, басқа жағдайларда – артып кеткені байқалған.
Зерттеу жетекшісі Софи Стекулорум былай дейді:
«Біздің нәтижелер иіс сезудің тәбетті реттеуде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тамақ иісі біздің күнделікті тағам таңдауымызға тікелей әсер етеді. Бұл жол тек арық ағзаларда жұмыс істегендіктен, семіздікті емдеуде жаңа әдістер іздеуге түрткі болмақ».