Қоршаған орта мен адам ағзасындағы микропластиктердің жиналуы – ғаламдық деңгейдегі алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Алайда бұл бөлшектердің қайда көбірек шоғырланатынын болжау – күрделі, себебі оған түрлі экологиялық факторлар әсер етеді.
Массачусетс технологиялық институтының (MIT) зерттеушілері микропластиктің шөгуіне биожабындар (биопленкалар) тікелей әсер ететінін анықтады. Бұл – микроағзалар бөліп шығаратын жабысқақ полимерлі қабаттар, көбіне өзен арналары мен жағалаулардағы құм арасында пайда болады.
Зерттеу нәтижесі қандай?
- Биожабынды ортада микропластик бөлшектері құм түбіне терең батып үлгермейді.
- Олар ағынмен қайта көтеріліп, әрі қарай ағып кетуге бейім болады.
- Керісінше, биожабын жоқ құмда бөлшектер терең шөгіп, жиналып қалу ықтималдығы жоғары.
«Биожабын түйіршіктер арасындағы кеңістікті толтырады. Осы себепті пластик бөлшектер су ағынымен қайта көтеріліп, кетіп қалады», – дейді зерттеу авторларының бірі Хёнчул Парк.
Зерттеу қалай жүргізілді?
- Арнайы резервуарда ағын су мен микропластик бөлшектері араластырылды.
- Құм төселген түбіне кейде өсімдік тамырларын еліктейтін түтікшелер, кейде биожабын қосылды.
- Ультракүлгін жарық көмегімен бөлшектердің шөгу деңгейі өлшенді.
Қай жерде пластик көп жиналады?
Зерттеушілердің айтуынша, құмды және тасты өзен арналары мен жағалау аймақтарында микропластик көбірек жиналуы мүмкін. Ал балшықты, биожабынға бай ортада оның қайта таралып кету ықтималдығы жоғары. Бұл зерттеу қоршаған ортаны қорғау мен микропластикті азайту бағытында нақты нысандарды (мысалы, өзен сағалары, жағалаулар) анықтауға көмектеседі.