Ғалымдар Арал теңізінің орны әлі күнге дейін біртіндеп көтеріліп жатқанын анықтады. Бұл — Жердің ішкі қабаты, яғни мантиядағы қозғалыстың нәтижесі. Табиғаттағы бұл өзгеріс Арал апатының Жерге қаншалықты терең әсер еткенін көрсетіп отыр.
1960-жылдары Кеңес Одағы Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын ауыл шаруашылығына бұрып жіберді. Соның салдарынан теңіз деңгейі күрт төмендеп, 1986 жылы екіге бөлінді. Кейін теңіздің кейбір бөліктері мүлде кеуіп қалды. Nature Geoscience журналында жарияланған зерттеуде соңғы 80 жылда теңіз шамамен 1,1 миллиард тонна суынан айырылғаны көрсетілген. Бұл — салмағы жағынан 150 Гиза пирамидасына тең. Судың ауыр салмағы бұрын жер қабатын басып тұрған, ал су тартылған соң, жер беті біртіндеп көтеріле бастаған.
Жаңа Зеландиядағы Виктория университетінің Жер туралы ғылымдар маманы, доцент Саймон Лэмб бұл құбылысты былай түсіндіреді:
«Судың салмағы жер астындағы жыныстарды басып тұратын. Ол жойылғаннан кейін бұл жыныстар серіппедей қайта көтеріле бастайды. Бұл – серіппені босатқан кездегідей табиғи реакция», – дейді ол.
Ғалымдар 2016–2020 жылдары спутниктік InSAR (интерферометриялық синтетикалық апертуралы радар) технологиясын қолданып, жер қозғалысын бақылаған.
«Жердің көтерілуі 500 шақырым радиуста байқалып отыр. Біз бұл қозғалыстың жыл сайын шамамен 7 миллиметрге дейін жететінін анықтадық», – дейді зерттеу авторлары.
Мамандар бұл құбылыстың себебін Жер мантиясындағы баяу қозғалыстармен байланыстырады. Лэмб бұл туралы: «Мантия – тұтқыр, жұмсақ жыныстардан тұрады. Ол ауырлық түсіп кеткен жерлерді толтыру үшін баяу қозғалады. Мұндай жағдай Скандинавияда да болған: мұз дәуірінен кейінгі мұз қабаттары еріген кезде жер көтеріліп, мантия қозғалған», – дейді ол.
Ғалымдардың айтуынша, Арал теңізінің астындағы мантия қозғалысы бірнеше ондаған жылдарға дейін жалғаса береді.
«Арал теңізі тартылғаннан кейінгі жердің көтерілуі адам әрекетінің Жердің терең құрылымына дейін әсер ете алатынын көрсетеді», – деп жазылған зерттеу қорытындысында.