Гарри Поттер әлемінде жадыны басқару – сиқырлы таяқтың бір ғана бұлғауымен жүзеге асады. Альбус Дамблдор миынан ескі естеліктерді суырып алып, оларды сиқырлы ыдысқа салады. Кейін бұл ыдысқа үңілген кезде, өткен сәттерді айқын әрі нақты түрде қайта көруге мүмкіндік алады. Ал Гермиона Грейнджер ата-анасын қорғау үшін «ұмыттыру» сиқырын қолданып, олардың жадынан өзін өшіріп тастайды. Алайда шынайы өмірде естеліктер – жойып тастай салатын сұйықтық немесе файл емес. Адам бастан өткерген әр тәжірибе ми нейрондары арасындағы электрлік байланыстар арқылы естелікке айналады. Тәжірибе көп болған сайын, бұл байланыстар күшейе түседі. Бірақ уақыт өте бұл байланыстар әлсіреп, ұмытылу процесі жүреді.
Адамға бір нәрсені мүлде ұмыттыру немесе керісінше, дәлме-дәл еске түсіру әлі де фантастика болып отыр. Дегенмен кейбір зерттеушілер жадыны күшейту немесе әлсірету бағытында алғашқы нақты қадамдар жасап жатыр. Бұл әдістер Альцгеймер ауруы немесе жарақаттан кейінгі күйзеліс секілді психикалық дерттермен күресуге көмектесуі мүмкін.
Жадыны күшейту жолдары
Нейробиолог Роберт Хэмпсон Дамблдордың «естелік ыдысынан» шабыт алған. «Естелікті бөліп алып, оны сақтап, зерттеп, қайта қарап шығу мүмкіндігі – өте қызықты идея», – дейді нейробиолог. Ол және оның командасы өткен тәжірибені ыдысқа құйғандай сақтаудың жолын таппаса да, миға электрлік импульс жіберу арқылы жадыны жақсартуға болатынын анықтаған.
Зерттеу барысында ғалымдар эпилепсиямен ауыратын тоғыз адамның гиппокампындағы (жадымен байланысты ми аймағы) электрлік белсенділігін тіркеген. Бұл қатысушылар мидың жадыны тексеретін визуалды тестін тапсырды. Ғалымдар нақты суреттерді көрген кездегі нейрондардың іске қосылу үлгілерін жазып алды.
Кейін бұл үлгілерді миға электрлік импульс арқылы жіберіп, басқа сегіз адамға дәл сол тестті жасатты. Нәтижесінде импульспен байланысты суреттер бойынша олардың жадысы 35–40%-ға жақсарған. Ал импульс қолданылмаған суреттерге қатысты есте сақтау көрсеткіші өзгеріссіз қалды. Хэмпсонның айтуынша, болашақта ми имплантаттары арқылы берілетін осындай микротоктар Альцгеймер немесе ми жарақатын алған науқастардың жадысын қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін.
Жадыны әлсірету мүмкін бе?
Басқа зерттеушілер керісінше – кейбір естеліктерді таңдап өшіру мүмкіндігін зерттеуде. Тәжірибе нәтижесінде нейрондар арасындағы байланыс өзгеруі мүмкін. Зерттеушілердің көпшілігі дәл осы байланыстарда тәжірибенің жадысы «кодталады» деп есептейді. Бірақ Колумбия университетінің нейробиологы Сэмюэл Шахер бұл кодтауға «араласуға болады» дейді.
Оның командасы теңіз қояны деп аталатын моллюсканың нейрондарын зерттеген. Онда екі сенсорлық нейрон бір моторлы нейронмен байланысқан. Әрбір байланыс PKM деп аталатын молекулалардың түрімен реттеледі. Зертханада бұл молекулалардың бір түрін тежеу арқылы ғалымдар байланыстардың бірін ғана бұзып, екіншісіне әсер етпестен естелікті таңдап өшіру мүмкіндігін көрсетті.
Бұл болашақта қажетсіз естеліктерден құтылуға көмектесетін жаңа емдеу жолдарын ашуы мүмкін. Мәселен, посттравматикалық күйзеліс синдромында адам бейтарап тәжірибені қауіппен байланыстырып алады.
«Алайда, сол оқиғамен байланысты кейбір мінез-құлық түрлерін есте сақтау пайдалы болуы мүмкін», – дейді Шахер.
Адам жадысымен манипуляция жасау – өте күрделі этикалық мәселе, дейді Нью-Йорк университетінің нейробиологы Андре Фентон. Адамның өмірлік тәжірибесі мен естеліктері оның тұлғасын қалыптастырады. Егер жады өзгертілсе, адамның өзі де өзгеруі мүмкін. «Сондықтан бұл салада өте мұқият болу керек», – дейді ол.